ДИКТОР:. Жыл басынан бері 84 ақмолалық азамат өз бизнес-идеясын іске асыру үшін қайтарымсыз бастапқы капиталға ие болды. Грант иегерлерінің қатарында жалғызбасты және көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған жандар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен қандастар бар. 11-ші тамыздан бастап екінші легке өтінім қабылдау басталады. Жеке кәсіп ашу үшін мемлекеттік қолдауға қалай қол жеткізуге болатынын келесі сюжеттен көріңіздер

РКС: Сәния Байгулина – көпбалалы ана әрі кәсіби тігінші. Ол «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерліктің негіздерін меңгерген. Бизнес-жоспарын әзірлеп, сәтті қорғап шықты. Бастапқы капитал есебінен қажетті жабдықтарын сатып алып, өнім түрлерін кеңейтті. Ол киімдерді ұлттық нақыштағы әшекей тастармен әрлеп, оған ерекше сән мен стиль береді.

СНХ: СӘНИЯ БАЙГУЛИНА, ГРАНТ ИЕГЕРІ: Бүгінге дейін елімізде киім элементтерін әшекей тастармен әрлеу әлі де қолға алынбаған. Мұндай бұйымдар негізінен Қырғызстан мен өзге елдерден әкелінеді. Қазақстанда бұл бағыттағы өндіріс жоқтың қасы. Сол себепті мен осы саланың дамуына өз үлесімді қосуды жөн көрдім. Әшекей тастарды тек орамалға ғана емес, сонымен қатар пиджак сынды түрлі киімге де қолдануға болады. Өте әдемі көрінеді. Қазіргі таңда этностиль кеңінен танымал болып келеді.

РКС: Бизнесті бастауға және дамытуға арналған мемлекеттік грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткіш. Бұл - 1 572 800 теңге. Мемлекеттік қолдау қаражатын қажетті құрал-жабдықтар мен технологиялық қондырғылар сатып алуға, сондай-ақ мал, құс, көшет, бұта, тұқым алуға және ғимарат жалдау ақысын төлеуге пайдалануға болады. Бағдарламаға тек белгілі бір санаттағы азаматтар ғана қатыса алады.

СНХ: МИРА МҰХАНБЕТЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ: Біздің Кәсіптік даму орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар мен тіркелгеніне үш жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер де грантқа үміткер бола алады. Бұл тек әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ғана арналмаған. Олардың қатарына І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, «қандас» мәртебесі бар тұлғалар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері жатады. Сондай-ақ асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатындар да 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грантқа үміткер бола алады.

РКС: Қазақстанда 11 тамыздан бастап грант алу бойынша екінші легке қатысуға өтінім қабылдау басталады. Өтінім беру үшін business.enbek.kz порталына тіркелу қажет. Екінші ағым бойынша бас аяғы 86 грант бөлінеді деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, өткен жылы 168 ақмолалық өз кәсібін ашқан болатын.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ