ДИКТОР: «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақмола облысына келді. Алғашқы аялдамасын Зеренді ауданындағы Шағалалы станциясынан бастады. Айта кетейік, бұл - шалғайдағы елді мекен тұрғындарына білікті әрі тегін медициналық көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жоба.
РКС: Медициналық пойыз заманауи құрылғылармен жабдықталған. Тұрғындарға терапевт, педиатр, гинеколог, стоматолог, офтальмолог сынды білікті мамандар қызмет көрсетеді. Қажет болған жағдайда диагностикалық зерттеулер, зертханалық талдаулар мен шағын хирургиялық операциялар да жүргізу қарастырылған .
СНХ: ЕЛНҰР МАХАНОВ , АҒА ДӘРІГЕР: Тұрғындарға кеңес береміз. Кез келген науқас медициналық көмекке тегін жүгіне алады. Қажетті мамандар тексеріс жүргізеді. Қажетіне қарай науқасты порталда тіркеп, жоспарлы ем-дом шараларын ұсынамыз. Егер жағдай күрделі болса, республикалық орталықтарға жолдама беріп, ем алуға көмектесеміз.
РКС: Бұған қоса, бұл әлеуметтік жоба аясында кәсіби заңгерлер мен медиаторлар тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріп, даулы жағдайларды шешуге көмектеседі. Сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты ұсыныстар береді.
СНХ: ГҮЛМИРА АХМЕТОВА, ЗАҢГЕР: Тұрғындар көбіне азаматтық істер бойынша жүгінеді. Негізінен, проблемалық несиелер, отбасылық даулар, алимент төлеу сияқты мәселелер жиі кездеседі. Көп балалы отбасылар, мүгедектікке байланысты сұрақтармен келетіндер де бар. Біз арыз-шағым жазуға, сотқа талап-арыз рәсімдеуге, телефон арқылы құжаттарды ресімдеуге көмектесеміз. Барлық процесте азаматтарға толық қолдау көрсетеміз.
РКС: Шағалалыдан кейін медициналық пойыз Қызыл ту, Макинск, Қазақ ауылы мен Өлеңті станцияларына бағыт алады. Жоба аясында еліміз бойынша 90 мыңға жуық ауыл тұрғынына медициналық көмек көрсету жоспарланған.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ