ДИКТОР: Өңірде агротуризм бағыты қарқынды дамып келеді. Қонақтар табиғаттың әсем көрінісін тамашалап қана қоймай, жергілікті өндіріс орындарымен танысуға да қызығушылық білдіреді. Солардың бірі – Қатаркөл ауылындағы ірімшік зауыты. Ол бүгінде танымал туристік бағытқа айналған. Мұнда келушілер ірімшік дайындау процесін көріп, бірегей авторлық өнімдердің дәмін тата алады.

РКС: Руслан Соколовтың ірімшік өндіру орны әлемнің түкпір-түкпірінен келетін гурмандардың сүйікті нысанына айналған. Туристтердің географиясы кең. Германия мен Франциядан басталып, Австралия мен Филиппинге дейін жетеді. Әсіресе жазда мұнда келушілердің саны артып, апта сайын жүзден аса қонақ қабылдайды. Келушілер ірімшік жасаудың қыр-сырымен танысып, авторлық өнімдердің дәмін көреді. Кәсіпорын жылдар бойы 12 халықаралық марапатқа ие болды, ал биыл «Қазақстанның үздік тауары» байқауында жеңімпаз атанды. Кәсіпорын 2019 жылы ашылған. Содан бері ерекше дәмімен қонақтарды таң қалдырып келеді.

СНХ: РУСЛАН СОКОЛОВ, ІРІМШІК ЗАУЫТЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: 2000 жылдардың басында мен Еуропа елдеріне - Германияға, Францияға бардым және сол жерде көктеген ірімшіктің дәмін ұнатып қалдым. Бұл гарганзола ірімшігі еді. Содан кейін шамамен 20 жыл өткен соң, мен ірімшік зауытын аштым. Бір кезде қолым босап, жеке қалғанда, сиыр сүтін өңдеп көрейінші деп ұйғардым. Сөйтіп, 2018 жылы алғаш рет ірімшік жасадым және бұл үдеріс қатты ұнап қалды. Өнім сәтті шықты. Осылайша біртіндеп хоббиім сүйікті ісіме айналды. Өнімімізді насихаттау мақсатында, әрі Қазақстанда бұл бағыт әлі дамымағандықтан, біз агротуризммен айналыса бастадық. Қонақтарды шоурум алаңында қабылдаймыз.

РКС: Экскурсия уақыты - шамамен бір сағат. Мұнда келушілер ірімшіктің толықтай дайындалу процесін тамашалай алады. Бұл жерде 20-ға жуық ірімшік түрлерін, ешкі сүтінен жасалған қышқыл сүт өнімдерін және глютен мен қантсыз ірімшік конфеттері сияқты түрлі тағамдардын дәмін татып көруге болады.

СНХ: РУСЛАН СОКОЛОВ – ІРІМШІК ЗАУЫТЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: Сондай-ақ, біз 70 проценттік таза протеині бар ірімшіктен жасалған тәтті тоқаштар дайындаймыз. Онда альбумин – сарысу ақуызы бар және бұл глютен мен қантсыз болғандықтан, пайдалы тағам өнімдері болып саналады. Тәттілендіргіш ретінде топинамбур шәрбатын және қоңыр күріш ұнын қолданамыз. Біз экскурсиялар ұйымдастырып, агротуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз. Өзіміздің авторлық ірімшіктеріміз бар. Мәселен, тұтынушылардың сүйікті ірімшігіне айналған «Қатаркөл» жартылай қатты ірімшігі. Ол біздің ауылымыздың атымен аталған. Алдағы уақытта біз ірімшіктердің атауларын өзгертіп, оларды еуропалық үлгіде ұсына отырып, жергілікті өндіріс ерекшелігін және атауын айқындауды жоспарлап отырмыз.

РКС: Жергілікті атаулармен берілген авторлық ірімшіктер өңірдің гастрономиялық брендіне айналып үлгерген. Кәсіпорын иесінің айтуынша, агротуризм өнімді насихаттаумен қатар, өңірге туристерді тартуға да біршама септігін тигізуде.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ