ДИКТОР: Биыл Біржан Сал ауданының Заозерное және Үлгі ауылдарында көптен күткен сумен қамту жобалары аяқталып келеді. Нәтижесінде, мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алады. Дегенмен, тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу және басқа да әлеуметтік нысандарға көңіл бөлу қажет. Бұл туралы облыс әкімінің тұрғындармен есептік кездесуінде айтылды. Аудан даму қарқыны қалай? Аймақ басшысының халықпен кезекті кездесуінде тағы қандай сұрақтар көтерілді? Тілші айтсын.

РКС: Ауданның су жүйелеріне 1 миллиардтан астам теңге бағытталған. Заозерное – су құбырын күтіп отырған елді мекен, мұнда әлі де су тасымалданып жеткізіледі. Үлгі ауылында нысан дайын, қазір соңғы техникалық жұмыстар жүргізілуде. Өмір сүруге қажетті инфрақұрылымға өңір басшысы аса ден қойды. Ол Степняк қаласында жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өткен жылыту маусымында туындаған мәселелерді ескере отырып, Степняк қаласында дайындық жұмыстары күшейтілді. Қазіргі есеп бойынша 6 жаңа қазандық сатып алынды. Аудан әкімі хабарлағандай, қазандықтар орнатылған, жанармай сапалы түрде алынған. Коммуналдық кәсіпорын үшін жылыту маусымына көмір қажеттілігі – 2 мың тонна. Алдағы жылыту маусымын өткізу үшін көмір сатып алуға қаражат бөлінді. Бұл қосымша 22 миллион теңгеден астам қаржыны құрайды.

РКС: Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жолдардың жағдайы да маңызды. Көлік инфрақұрылымын жақсартуға 310 млн теңге бөлінді. Жұмыстар Бірсуат, Қоғам, Тасшалқар және Макинка ауылдарында жүргізілуде. Дегенмен, кейбір учаскелер қанағаттанарлықсыз болып отыр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковқа облыстық маңыздағы Кеңащы–Степняк автожолын орташа жөндеу үшін қажетті құжаттарды әзірлеу тапсырылды. Өңір басшысы жол құрылысында жылдан жылға ауысатын жобалар болмау керек екенін атап өтті. Кейін әкім аудандағы тұрғын үй саясатын сынға алды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өткен жылы ауданға қайта жаңғырту жүргізуге мүмкіндік бердік және тұрғын үйлерді сатып алуға қаржы бөлдік. Не істедіңіздер? Сіздер ештеңе істемедіңіздер. 12 үйді дайындадыңыздар, олар әлі кезекте тұрған адамдарға берілген жоқ. Бұл саясатты жүзеге асырмаған жалғыз аудан – мемлекеттік қаражат есебінен тұрғын үй сатып алу және беру саясатын жүзеге асырмаған.

РКС: Облыс әкімі аудан басшылығына құрылыс жобаларының орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырды. Жыл соңына дейін 21 пәтерлі үйде барлық жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілу керек. Жаңа тұрғын үйлер тек кезекте тұрғандарға ғана емес, жас мамандарды тартуға да мүмкіндік береді. Ауданда өнеркәсіп көрсеткіштері 33 процентке артты және әлі де әлеуеті жоғары. Кездесу нәтижесінде жауапты басқарма мен жергілікті әкімдікке 1 қыркүйекке дейін жер қойнауын пайдаланушылар туралы жан-жақты ақпарат дайындау жүктелді. Негізгі мақсат – ауданның дамуы, әр тұрғынға нақты пайда әкелетін көрсеткіштерге қол жеткізу.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ