ДИКТОР: Адамдар әдетте жұмыс іздеп, ауылдан қалаға көшіп жатады. Алайда Бурабай ауданының Ключевое ауылындағы жағдай керісінше. Мұнда елордалық кәсіпкер өндірісті дамытып, жұмыс орындарын ашып, ауылға жаңа серпін беру үшін қаражат салуды жөн көрген. Бүгінде ондаған жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған ауыз су шығаратын зауыт туралы сюжеттен көріңіз.

РКС: Бұл шағын ауылдағы ескі бұлақ туралы бұрын көпшілік біле бермейтін. Оны қайта жандандыру идеясы Арман Табулдинге тиесілі. 2018 жылы ол кәсіпорын салуға кірісіп, бір жылдан кейін ауыз су шығаратын өндірісті іске қосты. Зауытта бөтелке мен жапсырмаларды жасаудан бастап суды құюға дейінгі толық өндіріс кезеңі қамтылған. Сағатына 2 текше метр су өндіріледі. Өнімге сұраныс жоғары. Зауытпен жергілікті қонақүйлер, дәмханалар мен компаниялар жұмыс істейді.

СНХ: АРМАН ТАБУЛДИН – КӘСІПОРЫННЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Мен өзім Астананың тұрғынымын, бірақ ауылды дамыту үшін осында келдім. Әдетте, бәрі ауылдан қалаға көшеді. Ал мен, керісінше, ауылға келіп, мұнда өндіріс орнаттым. Ауылдардың дамуы қажет – бұл аудан мен облыстың да дамуына үлес қосады. Бұл ауылға серпін береді, тұрғындар лайықты жалақы алып, жұмыс табады. Зауыт – бұл жергілікті, қазақстандық өндіріс. Бөтелкені де, жапсырманы да, суды да өзіміз өндіреміз. Мұның бәрі – біздің солтүстік өңірдегі, шағын ауылдағы отандық өнім.

РКС: Бүгінде кәсіпорында 25-ке жуық адам жұмыс істейді. Басым бөлігі – ауыл тұрғындары, олар үшін жұмыс орнының жақын болуы мен тұрақтылығы өте маңызды.

СНХ: НҰРИСЛАМ ЕРДЕНОВ – КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСШЫСЫ:

Мен осы кәсіпорында жұмыс істеймін. Айта кетерлігі, бұл компанияның арқасында ауыл өмірі дамып келеді және жаңа жұмыс орындары ашылуда. Судың сапасы барлық стандарттарға сай.

РКС: Зауыт кәсіпкердің жеке қаражатына салынған, ал мемлекет жер телімі мен кеңес беру арқылы қолдау көрсеткен. Бұл кәсіпорын – бір адамның бастамасы тұтас ауылдың өмірін өзгерте алатынына нақты дәлел.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ