ДИКТОР: Өңірде жаңа су құбырларының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір аймақта 28 жоба жүзеге асырылуда. Оның басым бөлігі Зеренді ауданында. Бүгінде таза ауыз судың игілігін Васильковка ауылының тұрғындары көріп отыр. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Васильковка ауылында 500-ден астам тұрғын тұрады. Бұған дейін олар тіршілік нәрін құдықтан тасып, күнделікті тұрмысқа қажетті суды әрең жеткізіп келген. Көп жылдан бері ауыз судың азабын тартып келген тұрғындар енді орталықтандырылған, сапалы сумен қамтылғанына ерекше қуанышты.
СНХ: ТӨЛЕНДІ АЛТЫНБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Қысқа мерзімде 2-3 айдың ішінде бізге су тартып берді. Сулары өте жақсы, істеген жұмыстары да жақсы. Өте риза халық, сондай жақсы. Тәтті су деп айтуға болады. Бұрын мұндайды көрмегенбіз. Осы жерге көшіп келгеніме 20 жылдай уақыт болды. Халық риза.
СНХ: НАТАЛЬЯ СУМИНА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Бұрын ауыл тұрғындары суды құдықтан тасып пайдаланатын, әсіресе қыстың қақаған аязында бұл үлкен қиындық тудыратын. Енді, міне, көптен күткен таза су әр үйге жетіп, қуанышымызда шек жоқ. Бұл ең алдымен үй шаруасындағы әйелдер үшін үлкен көмек. Өйткені бұрын кір жуу үшін алдымен суды тасып, жылытып, кейін қайта шығару қажет еді. Қазір су үйде, бәрі тамаша. Әрине, қазылған жерлердің кесірінен ауламыздың келбеті бұзылды, бірақ мамандар жер отырықтанған соң, келесі жылы бәрін тегістеп беруге уәде берді. Біз бұл жағдайға түсіністікпен қараймыз.
РКС: Су құбырының жалпы ұзындығы 20 шақырым. Орталықтандырылған су жүйесіне 200-ге жуық үй қосылды.
СНХ: ЖАНАТ МОЛДЫБАЕВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Мұнда сыйымдылығы әрқайсысы 100 текше метр болатын екі ірі су резервуары бар. Сондай-ақ екі сорғы станциясы жұмыс істейді: біріншісі - суды тазартса, екіншісі - ауылға таза суды жеткізеді. Ауылда 20 шақырым су құбыры тартылды. Нысанға электр желісі жүргізіліп, кешенді трансформаторлық қосалқы станция орнатылған, резервтік дизель генератор бар. Сондай-ақ, операторларға арналған күзет-өткізу пункті бар. Мұнда үш оператор жұмыс істейді. Олар судың тазалығы мен сапасын, сорғы станциясының жұмысы мене қысым деңгейін қадағалайды.
РКС: Айта кетейік, елімізде қайтарылған заңсыз активтерден түскен қаражат әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталуда. Өңірде осы қаражат есебінен сумен жабдықтау жүйелерін жүргізуге Арнаулы мемлекеттік қордан 21,5 миллиард теңге қарастырылған. Қазір Зеренді ауданында бірден 13 жоба бойынша су құбырларын тарту мен қайта жаңарту жұмыстары қолға алынған. Оған 13 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Оның ішінде 6,5 млрд теңге арнайы қордан бөлініп отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ