ДИКТОР: Көкшетауда барлығы 54 мемлекеттік білім беру нысаны жұмыс істейді, оның 27-сі - балабақша. Олардың 51-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалған үш білім беру мекемесі, нақтырақ айтсақ, екі мектеп пен бір балабақша - шағын қазандық арқылы жылытылады. Тілшіміз Сәния Есімсейітова орталық жылу жүйесіне қосылмаған аталған білім ошақтарының алдағы жылу беру маусымына дайындығын көріп қайтты.

РКС: №9 жалпы орта білім беретін мектеп Қызылжар көшесі бойында орналасқан. Қаладан қашық орналасуына байланысты аталған нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Мектепте үш пеш бар. Оқу орны 2023 жылы пайдалануға берілгенімен, жылу қазандықтары 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Яғни, құрылыс кезеңінен бастап қазандық жүйелі түрде пайдаланылған. Қазір алдағы жылу беру маусымына дайындық аясында істен шыққан үш бірдей пешті жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

СНХ: ЖӘНІБЕК НҰРШӘРІПҰЛЫ, №9 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің мектебімізге жылына көмірдің шығыны 600 тоннадай есептеледі. Яғни күніне есептегенде 2-3 тоннадан кетеді. Аяз күндері одан да көп көмір шығындалады. Биыл 3 қазандық жаңадан ауыстырылады. Сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындықта жыл сайын қазандықтар мен жылу жүйелерін тазартып отырамыз. Бізде көмір жылына 1 рет сатып алынады, ашық конкурс арқылы қыркүйекке дейін әкелінеді. Қазір резервте 200 тоннадай көмір бар. 1-2 күн бұрын ғана жылу қазандығын әкелетін адамдармен яғни поставщиктермен келісімге отырдық, олар алып келеді 30 күннің ішінде орнатады. Оқу жылының жылыту маусымына дайын боламыз.

РКС: Ал Красный яр елді мекеніндегі "Нұрсая" бөбекжайы өткен жылдың қазан айынан бері жұмыс істеп келеді. Бұл орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған жалғыз бөбекжай. 280 орынға есептелген мекемеде 12 топ бар. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын бөбекжайда екі пеш орнатылған. Алайда, меңгерушінің айтуынша, қазіргі уақытта нысан бір пештің көмегімен ғана жылытылады. Оның қуаты қыс бойы ғимарат ішінде 28 градустан жоғары температураны тұрақты ұстап тұруға толық қауқарлы.

СНХ: АЛТЫНГҮЛ ДАМЫС, "НҰРСАЯ" БӨБЕКЖАЙЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Былтыр бір ғана қазандықты іске қосып, қыс бойы сонымен жұмыс жасап шықтық. Ешқандай суық немесе температураның төменгі көрсеткіші болған жоқ. Былтыр алғашқы жыл болғандықтан көмір қорын көбірек алдық. Ол биылғы жылдың желтоқсан айына дейін жетеді. 360 тоннадай жоспарлап алған болатынбыз. Одан бізде әлі де бар.

РКС: Күздің қоңыр салқыны сезілер күн де алыс емес. Дегенмен, кейбір жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқталмауы – оқушылардың сапалы білім алуына және ата-аналардың көңілінің тыныштығына кері әсерін тигізуі ықтимал. Сондықтан білім ошақтарының алдағы жыл беру маусымына сақадай сай болуы - басты назарда ұсталар міндет.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ