ДИКТОР: Өңірде IT саласы даму үстінде. Жастар арасынан кәсіпкерлер мен әзірлеушілер тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған стартап-жобаларды іске қосуда. Солардың бірі – «Оқушы» жобасы. Бұл – Көкшетау қаласында жүзеге асырылып отырған алғашқы үйірмелер мен секциялар маркетплейсі.
РКС: Бұл стартап ата-аналардың бастамасымен құрылған. Жобаның негізін қалаушы – Әсел Әбдірахманова. Ол 2023 жылы, өз балаларына үйірме іздеу барысында белгілі бір қиындықтарға тап болғандықтан осындай жоба әзірлеуді ойластырады. Енді кез келген қажетті ақпаратты әлеуметтік желілерден немесе анықтамалардан іздемей-ақ, бәрін бір сайттан табуға мүмкіндік бар.
СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Бұл жобаға шамамен екі апта уақытым кетті. Үйірмелер мен орталықтарды іздеу барысында біраз қиналдым. Instagram желісінен, 2 GIS-тен іздедім, бірақ, қажетті үйірмелер мен орталықтар тарапынан әрдайым уақытылы жауап болған жоқ. Сол сәтте мен сияқты кез -келген ата-ана өздеріне қажетті үйірмелерді жылдам тауып, сұранысын бірнеше минуттың ішінде қанағаттандыра алуы үшін сайт құру керек екенін ойладым. Бұл қызмет толықтай тегін, тіркеуді қажет етпейді. Ата-аналар үшін барынша қарапайым тәсілді жасадық: сайттан еш қиындықсыз өздеріне қажетті үйірмелерді таба алады.
РКС: Платформада 110-нан астам хабарландыру бар: ағылшын тілі мен математика курстары, шығармашылық және спорттық секциялар. Қолданушыларға ыңғайлы болу үшін іздеу функциясы енгізілген, сондай-ақ, жасанды интеллект көмекшісі іске қосылған. Ол баланың қызығушылықтарына сәйкес үйірмелерді таңдауға көмектеседі.
СНХ: ДАНИЯР ӘБДІРАШИТОВ, ӘЗІРЛЕУШІ: Сайттың негізгі бөлігін әзірлеу үшін бір ай уақыт жұмсалды, ал кейін оны клиенттердің талаптары мен қажеттіліктеріне сәйкес жетілдіру жұмыстары жүргізілді.
РКС: «Оқушы» жобасы әзірге тек Көкшетауда ғана қызмет көрсетеді. Дегенмен, команда оны барлық облыс бойынша кеңейтуді жоспарлап отыр. Жобаның әзірлеушілері қосымша білімді әрбір отбасы үшін қолжетімді әрі ыңғайлы ету басты мақсаттары екенін атап өтті.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ