ДИКТОР: Жұмыртқа өндірісін ұлғайту, жаңа астықтан жаңа өнім шығару саласын дамыту, көлеңкелі экономикамен күрес және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырылуын бақылау. Біржан сал ауданына жұмыс сапары барысында өңір басшысы Марат Ахметжанов осындай тапсырма берді. Аудан активімен өткен жиында бірінші жартыжылдықтағы даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды.
РКС: Есепті кезеңдегі негізгі көрсеткіштер туралы аудан әкімі Бауыржан Қасенов баяндады. Біржан сал ауданының экономикасына жыл басынан бері 6 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл соманың 85 проценті жеке қаражат есебінен. Ауданда жұмыс істеп тұрған 3 ірі өнеркәсіптік кәсіпорынның өнімі үш есеге артқан. Алты айда аталған кәсіпорындар 22 миллиард теңгенің өнімін өндірді.
СНХ: БАУЫРЖАН ҚАСЕНОВ, БІРЖАН САЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Өңір экономикасын дамытудың қозғаушы күші де ауыл шаруашылығы. Мәселен, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі шамамен 9 млрд теңгені құрады. Округ бойынша жаздық егістік алқабы 190,5 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5 мың гектарға артық. Соның ішінде майлы дақылдардың көлемі ұлғайды. Биыл ол шамамен 26 мың гектар алқап.
РКС: Десе де Біржан сал ауданының облыс экономикасындағы үлесі 2 процентке де жетпейді. Өңір басшысы аудан жетекшілеріне нақты міндеттер қойды. Бәсекеге қабілетті позицияларды нығайту сынды бірқатар тапсырмалар берді. Біржан сал ауданы қазіргі таңда облыстағы бар жұмыртқаның 40 процентін өндіріп отыр. Бұл көрсеткішті 50 процентке дейін арттыру қажет. Ол үшін өндірісті кеңейту үшін қолда бар мүмкіндіктерді белсенді пайдалану қажет. Яғни, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тікелей жұмыс істеуі керек.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Шаруаларға технология, дайындық керек. Тағы да қайталаймын. Бұл тек шаруашылық құрылымдары басшыларына ғана керек емес, барлығымызға ортақ мәселе. Жақсы өнімнің пайдасын игілігін көруіміз қажет. Сондықтан жақсы пайдаға шығу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Екіншіден көлеңкелі экономикадан шығуымыз қажет. Жұмыс берушілер жұмыс орындарын көрсетсін, жалақының қанша екенін ашық айтуы керек.
РКС: Облыс әкімі ауданда егін шаруашылығын әртараптандырудың табысты жүргізіліп жатқанын атап өтті. Келесі маңызды қадам - егінді сақтау және өңдеу бойынша фермерлермен жұмысты ширату. Жиында әлеуметтік мәселелер де талқыланды. Атап айтқанда, өңір басшысы қайта жөндеу бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысына "Көкше" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын тарту мүмкіндігін зерделеуді тапсырды.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.