ДИКТОР: Көкшетауда денсаулықты зор байлық санап, салауатты өмір салтын ұстанатындардың қатары көбейіп келеді. Таңмен таласа тұрып, жаңа жағалау мен қала көшелерін бойлай жүгіріп бара жатқандарды көруге болады. Ол жандар жүгіруді жай ғана әуестік үшін емес, өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған.

РКС: Спорттың бұл түріне қызығушылық танытқандар кез келген істі бастарда қиындық болатынын жасырмайды. Десе де жігеріне жігер қосып, шабыттандыратын ұйымдардың арқасында енжарлықты бағындырып келеміз,-дейді әуесқой спортшылар.

СНХ: ДАНА ЫСМАЙЫЛОВА, ЖЕЛАЯҚТАР КЛУБЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Осыдан бір жарым жыл бұрын алғаш рет жүгіруге шыққанда осы клубтың жарнамасын көзім шалып қалды. Сол күннен бастап жүгіріп жүрмін, оған еш өкінген жоқпын. Алғаш келгенімде мені өте жылы қарсы алды, зор қолдау болды. Клуб мүшелері әрдайым бір-біріне қолдау білдіреді. Ешкімді жарты жолда қалдырған емес.

РКС: Соңғы екі жылда қала көшелерін бойлап жүгіретіндердің саны айтарлықтай артты. Ұйымдастырушылар мұны әуесқой жүгіруді насихаттауға қатысты жұмыстың нәтижесі деп біледі. Кәсіби спортқа қарағанда толағай жетістіктерді талап етпейді. Тек шынайы ықылас болса жеткілікті.

СНХ: ӘСЕЛ ЛАСТАЕВА, ЖЕЛАЯҚТАР КЛУБЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ: Біз екі жылдан бері әуесқой жүгіруге деген сүйіспеншілікті біртіндеп, жүйелі түрде дарытуға тырысып келеміз. Бұл кәсіби жүгіру емес. Мұнда ауқымды нәтижелер маңызды емес. Ең бастысы – адамның күннен күнге жақсы нәтижеге жетуі. Спорттық клубымызда 100 қатысушы бар, олар да қазіргі таңда жақсы нәтижелер мен табыстар көрсетуде.

РКС: Әуесқой жүгіру көпшілік үшін дене бітімін бірқалыпты ұстаумен қатар, жаңа орта қалыптастыруға да зор мүмкіндік. Шаһардағы мұндай игі дәстүр тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына ықпал етумен қатар өзгелер үшін де үлгі болары сөзсіз.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ