ДИКТОР: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы жыл жұмысшы мамандығы жылы деп жарияланғаны белгілі. Осылайша қарапайым еңбек адамының толассыз еңбегіне назар аударып, өзгелерге үлгі етуді тапсырды. Осыған орай Көкшетауда «Құрмет саған, құрылысшы!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтыс құрылысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын дәріптеп, олардың еңбегін насихаттады.

РКС: Бұған дейін көптеген ауқымды мәселені қамтитын ақындар бәсекесі өтсе де, айтыс аламанының тарихында құрылысқа қатысты тақырып бұрын-соңды қамтылмаған еді. Бұл жолғы өнер додасының форматы, қалпы мен бағыт-бағдары ерекше. Аламанға еліміздің әр облысынан 8 ақын, Ақмола облысынан 2 ақын сахнаға шығып, бағын сынады.

СНХ: НҰРЗАТ ҚАРУ, АЙТЫСКЕР (АЛМАТЫ): Көкшетаудың жұрты айтысқа сусындап қалыпты айтысымызды жақсы қабылдады. Айтыс барысында ауқымды, біраз тақырыптарды қозғадық: оның ішінде халықтың жағдайы да бар, тақырып құрылысшыларға қатысты болғаннан кейін сол жақты көбірек тілге тиек еттік. Қыз бен жігіт айтысы болған соң біраз әзіл де болды. Жақсы айтысып өнер көрсеттік деген үміттеміз.

СНХ: БІРЖАН БАЙТУОВ, АЙТЫСКЕР (ШЫМКЕНТ): Бүгін Көкшетау төрінде алғаш рет айтыс тарихында болмаған ерекше тақырыпта айтыс өтіп жатыр. Бұған дейін үлкен-үлкен не бір дүбірлі айтыстар болды. Бірақ, дәл құрылысшыларға, еңбек адамдарына, құрылысшы мамандарға арналған тақырыпта айтыс болмаған. Бүгінгі айтыстың форматы да, тақырыбы да басқа айтыстарға ұқсамайды. Осы айтысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен, оңтүстігі мен солтүстігінен де, батысы мен шығысынан да ақындар қамтылып қатысып жатыр. Халықтың ықыласында шек жоқ, жақсы сөз тыңдағанда жаны жадырап тұрып, шабыттанып қол соққанынан-ақ Көкше жұртының айтысқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Кешегі Біржан салдардың, Ақандардың елі, сондай бір тектілерді, асылдарды туған топырақ.

РКС: Айтыста жұмысшы мамандықтарының мәртебесі, құрылысшылардың еңбегін асқақтату, қала мәдениеті мен сәулетінің дамуын айшықтау, ұлттық өнер арқылы елдік құндылықтарды дәріптеу тақырыптары қозғалды.

СНХ: АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ, АЙТЫСТЫҢ ЖҮРГІЗУШІСІ: Қазақстанның әр ауылынан бастап қаласына дейін құрылысшылардың маңдай тер еңбегіменен салынады. Бүгін ақындарымыз еңбекші қауымның адал еңбегін, тек қана еңбек тақырыбын ғана емес, жалпы руханият, мәдениет мәселесі, халықтың алдында ақын айтуға тиісті кәделі сөздердің барлығын айтады деп ойлаймыз. Айтыс – біздің бабадан келе жатқан үлкен, байтақ өнеріміз. Айтыс өнерінің үлкен алып бәйтеректері Ақан сері атамыздың, сал Біржан бабамыздың елінде осы ақындардың келіп, айтыс өнерінің көркін қыздыруы дәстүрдің жалғастығы. Көкшетаудың халқы да төл өнерімізге шөліркеп қалған шығар деп ойлаймыз. Баршамызға биылғы еңбекшілердің жылы құтты болсын!

ИНТЕРШУМ: ДӘУРЕН АҚСАҚАЛОВТЫҢ ФИНАЛДАҒЫ АЙТЫСЫНАН ҮЗІНДІ

РКС: Қазылар алқасының шешімімен түркістандық айтыскер Дәурен Ақсақалов топтан оза шауып, бас жүлдені иеленді. Осылайша айтыскерге 3 млн теңге берілді. 1 орынды керекулік Аспанбек Шұғатаев, 2 орынды көкшетаулық Мұхаммед Қоңқаев еншілесе, ал үшінші жүлдені түркістандық Еркебұлан Қайназаров пен ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев жеңіп алды. Қалған қатысушыларға 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Айтыс қазақы дәстүрдің тамырының тереңдігін, сөз өнерінің халық жүрегінен елеулі орын алатынын дәлелдей түскендей. Сонымен қатар қарапайым құрылысшы еңбегінің мәртебелі әрі зор құрметке лайық екенін тағы бір мәрте еске салды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ