ДИКТОР: Көкшетау жоғары техникалық колледжі техникалық және кәсіптік білім беру бағыттары бойынша жоғары білікті мамандарды даярлайды. Колледж студенттері заманауи IT-жобаларын дайындап, халықаралық WorldSkills сайыстарына үнемі қатысып жүр. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.
РКС: Кадрларды кәсіби тұрғыда сапаоы даярлау мақсатында колледжде заманауи жабдықтармен қамтылған 20 құзыреттілік орталығы ашылған. Оқу барысында студенттер заманауи жобалар әзірлеп, түрлі халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда. Осындай түлектердің бірі – Әділет Қожахмет.
СНХ: ӘДІЛЕТ ҚОЖАХМЕТ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ТҮЛЕГІ: Біз роботтарды құрастырып, оларды түрлі манипуляцияларды орындай алу үшін бағдарламаладық. Негізінен ол көкөністермен және жемістермен жұмыс істеуге бағытталған. Робот өнімдерді өзі тиеп, түрлі орындарға жеткізіп, сұрыптай алады. Менің жобам — нысанды анықтайтын жүйе. Оны ол автоматты түрде танып, көкөністер мен жемістерді сұрыптайды. Бұл жүйені түрлі конвейерлік цехтарда қолдануға болатындай деңгейге жеткізуді мақсат етіп отырмын.
РКС: Колледждің оқу-өндірістік шеберханаларында, шағын кәсіпорындары мен құзыреттілік орталықтарында 200-ден астам қызмет түрі көрсетіліп, өндірістік тапсырыстар орындалады. Машина жасау және құрылыс салаларына арналған жинақтаушы бөлшектер дайындалады. Студенттер 3D модельдеу, бөлшектерге арналған өңдеу бағдарламаларын жазу дағдыларын, электромобиль жөндеуді меңгереді. Бұл олардың нақты өндірістік жағдайда практикалық дағдылар мен жұмыс тәжірибесін алуына мүмкіндік береді.
СНХ: ТІЛЕК СӘБИТОВА, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ӘДІСКЕРІ: Біздің студенттеріміз әртүрлі өнімдер жасайды. Ол өнімдерді біздің облыста заказ жасап, сатылады. Өз қаражатын табады колледж. Және деңгейі мықты. Осы жылы біз ақпан айынан бастап Сингапур политехникалық колледж, университеттерімен келісімшартқа отырып, халықаралық сертификациядан, аккредитациядан өтіп жатырмыз.
РКС: Колледж Ақмола облысының 70-тен астам кәсіпорнымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Бұл кадрларды даярлау сапасын арттырып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды қалыптастыруға қуатты серпін береді. Мұндай әріптестік студенттерге теориялық біліммен қатар, оны тәжірибе жүзінде қолданып, нақты жобалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Көптеген түлек қазіргі уақытта «КАИК» серіктестігінде табысты еңбек етуде.
СНХ: ЕРЖАН МАНАРБЕК, «ҚАЗАҚСТАН АГРАРЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ КОРПОРАЦИЯСЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ МЕТАЛЛ КЕСУШІ МАМАНЫ: Көкшетау қаласында оқыдым, тәмәмдадым, кейін осында «КАИК» зауытына жұмысқа орналастым. Жұмыс жеңіл, жақсы. Жалақы да жақсы. Жаңа жұмысшылар көп келіп жатыр. Келген студенттерді дайындаймыз, үйретеміз. Түрлі станоктарды меңгеріп, әдістерін көрсетеміз.
СНХ: ҚАЙРАТ ДҮЙСЕМБЕКОВ, «ҚАЗАҚСТАН АГРАРЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ КОРПОРАЦИЯСЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ӨНДІРІС БАСШЫСЫ: Көкшетаудағы оқу орындарымен көп жылдан бері тығыз ынтымақтастық орнатып келеміз. Кәсіпорында жұмысшы мамандықтар жоғары сұранысқа ие. Түрлі техника шығарамыз. Сол себепті білікті мамандар қажет. Жоғары техникалық колледжбен нәтижелі серіктестік орнатылған. Бұл оқу орнының түлектері өндірісте үлкен көмек көрсетіп, өз үлестерін қосуда. Оларға жұмыс орындарын ұсынып, мамандарды оқытамыз және олардың біліктілігін кеңейтуге мүмкіндік береміз.
РКС: Колледж студенттерінің республикалық деңгейдегі WorldSkills кәсіби шеберлік байқауларына қатысуы — бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудағы маңызды әрі нәтижелі қадамға айналды. WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатына қатысқан колледж студенттері 41 медаль жеңіп алды. Оның 18-і алтын, 14-і күміс, 9 қола медаль және кәсіби шеберлігі үшін 25 медальонмен марапатталды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.