ДИКТОР: Ақмола облысында табиғи газбен қамту жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталды. Бұл жұмыстарды қазір аймақ бойынша «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының Астана өндірістік филиалы жүзеге асыруда. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.
РКС: Астана маңындағы ауылдарға газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде облыс бойынша 19 ауылдың 50 мыңнан астам тұрғыны орталықтандырылған газға қосыла алады. Қазір Целиноград ауданы бойынша 2 елді мекен көгілдір отынға қосылды. Табиғи газбен қамту көрсеткіші – 12 процент.
СНХ: ӘСЕТХАН АТЫБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қолданысқа беретін ұйымның сенімді басқаруына 722 шақырым газбен жабдықтау желісі мен 132 газ реттегіш пункті берілді. Жыл басынан бері Целиноград ауданындағы Шұбар және Нұрлы ауылдарының тұрғындары табиғи газға қол жеткізді. Аталған елді мекендерде 4 мыңнан астам халық тұрады. Қазір тағы 11 елді мекенді газдандыру жұмыстары жалғасуда.
РКС: Келесі жылы Софиевка, Қызылжар, Ақмол, Қабанбай батыр, Қажымұқан, Рақымжан Қошқарбаев және Өтеміс ауылдарына табиғи газ жеткізу жобаларын әзірлеу жұмыстары басталмақ. Ал жыл соңына дейін Қызылсуат, Аққайың, Алтынсарин, Қоянды және Талапкер ауылдарының, сондай-ақ Қосшы қаласының тұрғындарына орталықтандырылған көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр.
СНХ: АСХАТ ҚОСАЛИЕВ, «ӘЛИЯ СЕРВИС» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ӨНДІРІС ШЕБЕРІ: Қосшы қаласының газ құбырын салу жұмыстары 2024 жылдың 10 мамырында басталды. Орташа қысымды газ құбырлары 38 шақырымның 36 шақырымын орындап қойдық. Төмен қысымды газ құбырлардың 367 шақырымның 151 шақырымын орындап қойдық. Отыз техника бар, адамдардың саны 120 шақты адам жұмылдырылған осы жерде.
РКС: Бүгінде Қараөткел ауылында 105 шақырым жерасты және 4 шақырым жерүсті газ құбыры тартылды. Қазір төмен және орта қысымды жерасты газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жұмысқа 70 маман және 25 техника жұмылдырылды. Қазір жұмыстың 75 проценті аяқталды. Жыл соңына дейін елді мекенге газ беру жоспарланып отыр.
СНХ: НҰРБОЛАТ МЕРҒАЛИЕВ, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ АСТАНА ФИЛИАЛЫ ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Нұрлы ауылы алғашқылардың бірі ретінде газбен қамтылды. Аталған жоба «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының Астана өндірістік филиалы жүзеге асырған инвестициялық бағдарлама аясында іске асты. Инвестиция көлемі 1,4 миллиард теңге. Нәтижесінде 72 шақырымнан астам газ құбыры пайдалануға беріліп, газ реттегіш 7 пункт орнатылды. 1 мың 40 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Мамырдың 28-інде Шұбар ауылында 400 абонент газға қосылды.
СНХ: ӘЙГЕРІМ БИСЕНБАЕВА, ШҰБАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бірінші запуск газ біздің үйде берілген. Содан бері қолданып келе жатырмыз. Тамақты да газда пісіреміз, үйді де солмен жылытамыз. Погодасына байланысты постоянно жағып отырамыз. Ақша жағынан да аз шығады. Арзандау болады. Газ берілгеніне өте қуаныштымыз.
РКС: Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 6 елді мекен, оның ішінде Қосшы қаласының бір бөлігі орталықтандырылған газбен қамтылмақ. Ал келер жылдың соңына дейін тағы 6 елді мекенге газ жеткізу көзделіп отыр. Аталған жобалар толық жүзеге асқаннан кейін 40 мыңнан астам абонент табиғи газға қол жеткізеді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.