ДИКТОР: Елікті тау-шаңғы курорты маңындағы көркем табиғат аясында Халықаралық спорт күні қарсаңында «Дала аңызы» ультрамарафоны өтті. Біздің өңір үшін ерекше формат болғанымен, қатысушылар әсем табиғатқа тамсанды. Желаяқтар үшін қолжетімділігімен баурап алды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Ұзындығы 6 шақырым 600 метр болатын трасса қала маңында орналасқан. Басты ерекшелігі бұл қашықтықты мүмкіндігінше бірнеше мәрте бағындыру. Өзгелерден қашықтыққа ең ұзақ шыдағаны жеңімпаз атанады. Биыл марафонға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100-ге тарта адам, сондай-ақ Үндістан мен Швециядан да қонақтар қатысты.

СНХ: ӘСЕЛ ЛАСТАЕВА, УЛЬТРАМАРАФОНДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: Мұндай форматтағы жарысты біздің өлкеде ұйымдастыру өте қызықты, өйткені, біздің табиғат ерекше әсем. Шетелден келген қонақтар бірнеше мың шақырымды бағындырып, осындай форматтағы сайысқа қатысуға ниет білдірген. Мұндай сайыс адамдардың мейлінше белсенді өмір сүруге құлшынысын арттыруға бағытталған. Бұл жерде түрлі жастағы жандардың басы қосылған. Олар өз жерінде әр мамандықты игергендер.

РКС: Жарыс жолына Қостанай, Қарағанды, Астана, Алматы мен Петропавл қаласынан келген желаяқтар шықты. Сонымен бірге аймақтың жақын маңдағы елдімекендерінің тұрғындары да қатысты. Қатысушылардың жасы 18-ден жоғары. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар түрлі мамандық иелерін біріктірумен қатар, спорттық рухын нығайтуға жәрдемдесетінін айтуда.

СНХ: ЕВГЕНИЙ ХАБИБУЛЛИН, УЛЬТРАМАРАФОНҒА ҚАТЫСУШЫ: Түрлі жарыстарға ұдайы қатысып тұрамын, 50 және 100 шақырымдық ультра марафондарды жақсы көремін. Осы жарысқа қатысу үшін Астанадан арнайы келдім. Ұйымдастыру жағынан еш мін жоқ, таңдалған жері де керемет. Егер алдағы уақытта осындай жарыстар болса өзім де келемін және достарымды да ертіп келуге дайынмын.

РКС: Жарыс қорытындысы бойынша әр қатысушыға естелік медаль мен футболка табыс етілді. Марафонға Зеренді ауданының әкімдігі, Садовое селолық округінің әкімі қолдау көрсетті. Сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасы қонақтарға этноауыл дайындады.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ