ДИКТОР: Көкшетауда өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Оның ашылуына арналған салтанатты сап түзеу шарасына азаматтық қорғау органдары, жергілікті полиция қызметі, жедел жәрдем өкілдері мен волонтерлер қатысты. Айлық аясында бір ай бойы қалада өрттің алдын алу және жылу беру маусымы кезінде төтенше жағдайлардың қаупін азайтуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.

РКС: Айлық аясында әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға айырықша назар аударылуда. Мамандар осы санаттағы отбасылардың баспаналарына көміртегі тотығын анықтайтын дабылқаққыштар орнатып, мұржаларды тазалау жұмыстарына көмек көрсетеді. Бұл шаралар тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін арттырып, улы газдан улану сияқты қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

СНХ: РУСЛАН МОЛДАҒҰЛОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Мына құрылғылар жылу беру маусымында тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыс жүргізу үшін қолданылатын арнайы құрылғылар. Атап айтқанда, мына құрылғы - көмірқышқыл газын анықтайтын дабыл қаққыш. Егер ауада көмірқышқыл газының мөлшері шекті деңгейден асып кетсе, бұл құрылғы қауіп туралы дабыл береді. Мұндай жағдай түнгі уақытта орын алса, құрылғының дабылы адамдарды оятып, уланудың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ үстелде балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алуға арналған қорғаныш құрылғылары да ұсынылған. Бұл құралдар көпқабатты тұрғын үйлер мен биік ғимараттарда терезелерге орнатылып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Аталған құрылғылар көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне тегін орнатылып жатыр.

РКС: Өрт қауіпсіздігі айлығына мамандармен қатар жастар да белсене атсалысуда. Олар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, алдын алу шараларының тиімді жүзеге асуына өз үлесін қосуда.

СНХ: АМИР МҰХАММЕДИАРОВ, ВОЛОНТЕР: Мен волонтер болғым келді, өйткені адамдарға көмектесу маған ұнайды. Бұған дейін волонтер болмасам да, мүмкіндігі шектеулі жандарға және егде жастағы ата-әжелерге жолдан өтуге көмектесіп жүретінмін. Мектепте волонтерлікке ұсыныс түскенде, адамдарға көмектесу - менің қолымнан келетін, әрі жаныма жақын іс екенін түсіндім.

РКС: Өрт қауіпсіздігі айлығы жыл сайын ұйымдастырылатын профилактикалық шара. Өкінішке орай, балалардың терезеден құлауы немесе көмірқышқыл газынан улану сияқты төтенше жағдайлар жыл сайын қайталанады. Мамандар мүмкіндігінше барлық үйді қамтуға тырысады. Алайда бұл жұмыстың негізгі түйткілі - қаржыландыру мәселесі.

СНХ: БАҚЫТЖАН АЛАШОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Жалпы, бұл құрылғыларды енді мұқтаж жандарға орнатып береміз. Пайдалануға беріліп жатқан жаңа үйлерде балалардың терезеден құлауын болдырмау үшін қорғаныс құрылғыларын орнату міндетті талап.

РКС: Акция аясында өткізілетін іс-шаралар халықтың өрт қауіпсіздігі шаралары туралы хабардарлығын арттыруға сеп болмақ.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ