ДИКТОР: Атбасарда бірден ірі екі инфрақұрылымдық жоба қолға алынды. Соңғы жылдары әбден ескірген жылу қазандығы жаңартылып, жаңа жылу жүйелері тартылып жатыр. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Атбасардағы бұл жылу қазандығы 1960-шы жылдары салынған. Содан бері мұнда тек шағын жөндеу ғана жүргізілген. Соңғы жылдары қақаған аязда қазандықтар істен шығып, тұрғындар жылудан талай рет таршылық көріп келді. Бүгінде бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында бірден екі жоба қолға алынды. Қалада орталық қазандықты қайта жаңғырту мен жаңа жылу жүйелерінің құрылысы қатар жүргізілуде. Аталған жоба өткен жылы басталды. Оған 8 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір мұнда соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылып жатыр. Жоба аясында қуаттылығы сағатына 30 гигакалорий болатын төрт заманауи су қыздырғыш орнату көзделген. Алдағы жылу беру маусымына 3-ші және 4-ші қазандықты іске қосу жоспарланып отыр. Ал 2026 жылы тағы екі қондырғы пайдалануға берілмек. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын алдағы уақытта үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде құрылыс жұмыстарының тең жартысы орындалды.

СНХ: ОЛЕГ СЕРЖАНТСКИЙ, БАС ИНЖЕНЕР: Ескі қазандықтар, сорғы агрегаттары, тоқ трансформаторы – барлық тозығы жеткен ескі қондырғы түбегейлі алмастырылып, жаңа қондырғылар орнатылады. Сондай-ақ қазандықтың тиімді әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуі үшін химиялық су тазарту жүйесінің маңызы зор. Осы ретте арнайы жаңа цех салынды. Онда су екі сатылы тазартудан өтеді. Сондай-ақ деаэрациялау процесі жүзеге асырылады. Нәтижесінде, жылу жүйесіне тек химиялық жолмен тазартылған және деаэрацияланған таза су беріледі.

РКС: Мамандар жаңа жобаның экологиялық тұрғыдан тиімділігін де атап өтті. Яғни, 16 шағын қуатты қазандық кезең-кезеңімен пайдаланудан шығарылып, қайта жабдықталады. Кейін оларды сорғы арқылы айдау станциясы ретінде қолдану көзделген. Айта кетейік, бұл қазандықтар қала ішінде орналасқандықтан ауаға таралатын түтін мен қара тұнба тұрғындар үшін үлкен қолайсыздық туғызып келді. Енді барлық жүктеме қала сыртында орналасқан бір орталық қазандықтың мойнына артылмақ. Осылайша, отын да үнемделіп, атмосфераға таралатын зиянды қалдықтардың мөлшері айтарлықтай азаяды деген болжам бар. Бұған қоса, қалада ұзындығы 5 шақырымға жуық жаңа жылу желілерін орнату көзделген.

СНХ: ДИАС МӘЖИТОВ, АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Жоба аясында орталық қазандықты қайта жаңғыртуға шамамен 8,2, ал жылу желілерін орнатуға 8,5 миллиард теңге бөлінді. Аталған қаражат республикалық бюджеттің Ұлттық қорынан қаржыландырылды. Бұған дейін орталық қазандық 1982 абонентке қызмет көрсететін. Биыл абоненттер саны өзгеріссіз қалады. Ал жоба толық жүзеге асырылып, жылу желілері толығымен аяқталған соң, келесі жылы абоненттер саны шамамен 2200-ге дейін артады деген болжам бар.

РКС: Айта кетейік, тұрғындарды қажетті көмір қорымен қамту жұмыстары да қатаң бақылауда. Алдағы маусымға мамандар 70 мың тонна көмір қажет дейді. Яғни шамамен екі айға қажетті қор бар.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ