ДИКТОР: Күні кеше спорт күні мерекесі тойланды. Осыған орай Ақмола облысында алғаш рет спорт ардагерлерінің одағы құрылды. Айта кетейік, облыс бойынша 36 спорт ардагері бар. Жиын барысында олар бір ауыздан жаңа бірлестіктің төрағасын сайлады. Ұйымның жоспарлары мен көтерілген мәселелері жөнінде әріптесім тарқатсын.
РКС: Өңірде дене шынықтыру мен спортты дамытуға айырықша көңіл бөлінуде. Бүгінде өңірде 330 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл – облыс халқының тең жартысына жуығы. Аймақта 1200-ге жуық спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 600-ден астамы ауылды жерде орналасқан. Аталған ардагерлер ұйымы болашақта осындай әлеуметтік маңызы бар тың жобаларды жүзеге асыруда да белсенділік танытпақ.
СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Спорт ардагерлерімен Қазақстан Республикасының заңына өзгерістерді талқылап, қазіргі Ақмола облысындағы бүгінгі күні қандай жетістіктеріміз бар, қандай жоспарларымыз бар, сонымен ақылдасып, ағаларымыздан кеңес алып, осы жуырда ғана Қазақстан спорт ардагерлерінің республикалық ұйымы құрылды. Сол ұйымның енді облыстарда филиалдары ашылады. Сол филиалдар бойынша кеңесіп, ақылдасып, ағаларымыздан кеңес алдық. Ашық алаңда бірнеше кандидатуралар ұсынылды. осы кісілермен сол ұйымды ашып, ары қарай жұмыс істейміз. Бұл ұйым спорт ардагерлеріне тиісті көңіл бөлу ниетінде жасалған.
РКС: Жиында көтерілген басты мәселенің бірі - өңірде бой көтеріп жатқан спорт нысандарының құрылысы. Жуырда Зеренді ауылында спорт мектебі пайдалануға берілді. Қазір бірнеше дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Щучинск қаласындағы спорт сарайының құрылысы жалғасып жатыр. Осы тұрғыда 80 -нің сеңгіріне аяқ басқан спорт ардагері, осы салада ұзақ жыл басшылық қызметте болған Қанат Ахметов өңірде бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешендерінің болашақ олимпиада жүлдегерлерін даярлауға негіз болатын алғашқы қадам екенін атап өтті.
СНХ: ҚАНАТ АХМЕТОВ, СПОРТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Спорт комплекстары салынып жатыр, оның өзі 2-3 жылда салынатын дүние, Ал бұрынғы кезде 20 жылда бір спорт комплекс салсақ, соның өзі бізге жетістік болатын. Егеменді Қазақстан алға жылжып жатыр. Әлемде бар спорт кешендері қазір Ақмола облысында салынып жатыр. Ол әрине жетістік. Спорт кешендері салынып жатыр деп жатырмыз, оны дұрыс пайдалана білу керек. Спортшылардың арманы, олимпиада жүлдегерлері болу. Енді ойлаймын, мынандай кешендер салынып жатқанда, Ақмола облысында қаншама олимпиада жеңімпаздары шығады деген үміт бар. Спорт кешені бар, енді оған бапкер керек. Білікті бапкер, шын ниетімен жүлдегер шығарамын деген.
РКС: Жаңа ұйымның құрылуы өңір спортын дамытуға тың серпін беріп, өскелең ұрпақты спортқа баулуда маңызды қадам. Салтанатты шара аясында спорт ардагерлері алғыс хаттармен және құрмет төсбелгілерімен марапатталды. Ақмола облысында ғана емес, жалпы елімізде спорт қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат осылайша құрметке бөленді.
ИНТЕРШУМ:
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ