ДИКТОР: Теміржол саласы - ел экономикасының күре тамыры. Бүгінде шойын жол бойында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қажырлы еңбек етіп жүрген мамандар аз емес. Олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, аптап ыстықта да, сарышұнақ аязда да темірдей тәртіппен жұмыс істейтін жандар. Еңбек майданында жүрген шеберлермен әріптесім Жанар Мұқышева тілдесіп қайтты.
РКС: Уақытпен санаспай, күн-түн демей, теміржол қозғалысының кедергісіз әрі қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етіп жүрген жандардың бірі - Сырым Төребеков. Бұл салада 10 жылдан бері тер төгіп келеді. Осы жылдар аралығында мыңдаған шақырым жол жөндеді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету - үлкен жауапкершілік. Себебі шойын жол салғырттықты кешірмейді, - дейді ол.
СНХ: СЫРЫМ ТӨРЕБЕКОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ КӨКШЕТАУ ЖОЛ ДИСТАНЦИЯСЫНЫҢ ЖОЛ ЖӨНДЕУШІСІ: Күніне біз таңертеңнен кешке дейін 2,5-3 шақырымдай жол жөндейміз. Қазір мысалы осы жерде средний жұмыс жүріп жатыр, шпал ауыстырып жатырмыз. Ескі шпалды жаңа шпалға ауыстырып жатырмыз. Таңертең шығамыз, жұмыс істейміз, сол қауіпсіздік үшін сол поезд жақсы өтсін деп сол.
РКС: Сөзге сараң болғанымен, өз ісіне адал, нағыз шебер,-дейді әріптестері. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісуден де жалыққан емес.
СНХ: АСҚАР ҚҰЛЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК КӨКШЕТАУ ЖОЛ ДИСТАНЦИЯСЫ ӨНДІРІСТІК УЧАСКЕ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сырым енді 10 жыл жұмыс атқарады біздің дистанцияда. Жұмысқа өте жауапты. Кез-келген уақытта жұмысқа дайын. Теміржолда әртүрлі себептер болады. Кейде келеңсіз жағдайлар да туындап қалуы мүмкін. Білгенін жастарға үйретіп тұрады, опытный монтер.
РКС: Саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған білікті мамандардың қатарында - Иван Бех те бар. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы – электромонтер қызметінен бастаған ол, бүгінде Көкшетау станциясындағы аудандық байланыс желісінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
СНХ: ИВАН БЕХ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ АУДАНДЫҚ БАЙЛАНЫС ЖЕЛІСІНІҢ БАСТЫҒЫ: Бұл салада 39 жыл еңбек етіп келемін. 1986 жылы электромонтер ретінде бастадым. 1997 жылдан бері байланыс желісінің басшысы лауазымындамын. Жалпы осы уақыт аралығында көптеген өзгерістер болы. Біздің кезімізде қиын заман еді. Вагондарда тұрып, түнейтінбіз. Қазір болса, жастарға барлық жағдай жасалған. Еңбегін адал атқарса болғаны.
РКС: Ел - еңбекпен көркейеді. Өз ісіне жан-тәнімен беріліп, шеберлігі мен жауапкершілігі қатар өрілген еңбек адамының қоғамда алатын орны қашан да ерек. Абыройы асқақ.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ