ДИКТОР: Жыл басынан бері облыста вирусты гепатиттің 7 өткір жағдайы тіркелді. Сырқаттанғандардың басым бөлігі Көкшетау мен Степногорск қалаларында және Біржан Сал ауданында анықталды.
РКС: Вирусты гепатит – қоғамдық денсаулық үшін елеулі қауіп төндіретін сырқат. Жұқпалы ауру бауырды зақымдайды, таралу жолы да әралуан. Мәселен, А гепатиті ластанған су мен тағам арқылы жұғады. Ал В, С және D гепатиттері – қан мен биологиялық сұйықтықтар арқылы таралады. Гепатиттің алдын алудың ең тиімді жолы – уақытылы вакцина алу.
СНХ: ҒАЛЫМБЕК ӘЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: А гепатитіне қарсы екпе екі жасқа дейін бүлдіршіндерге егіледі. Ал В гепатитіне қарсы вакцина нәресте дүниеге келген алғашқы 12 сағатта салынады. Аурудың алдын алу үшін екпе салдырумен қатар, сақтық шараларын да қатаң ұстану керек. Өйткені, В және С гепатитімен адамдар медициналық және хирургиялық, стоматологиялық процестер кезінде, сондай-ақ қан құю барысында да жұқтырып алуы әбден мүмкін. Сондықтан антисептика мен асептика ережелерін сақтау – қауіпсіздік пен алдын алудың алғышарты.
РКС: Жыл басынан бері өңірде созылмалы вирусты гепатиттің 129 дерегі тіркелді. Ол өзге сырқаттарға қарағанда түрлі жолмен жұғып, ауыр жағдайда өтеді. Мысалы, В гепатиті анадан балаға немесе қан және жыныстық қатынас арқылы жұғуы мүмкін. Ал С гепатиті стерильді емес инъекциялар арқылы таралады. Ол көбінесе симптомсыз өтеді, бірақ уақыт өте келе бауыр циррозы пайда болуы ықтимал. Сондықтан вакцинациядан бөлек, дер кезінде дәрігерге көрініп, емделудің маңызы зор.
СНХ: ҚАРЛЫҒАШ ӘБІШЕВА, «АВИЦЕННА-БУРАБАЙ» СЕРІКТЕСТІГІ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ КАБИНЕТІНІҢ МЕЙІРБИКЕСІ: Науқас алдымен біздің кабинетке келеді. Біз оны тіркеуге қоямыз. Есепке алу барысында ПТР талдауын тапсыруы тиіс. Вирустық жүктеме 2 мыңнан жоғары болса, міндетті түрде вирусқа қарсы препараттар тағайындалады. Егер науқаста фиброздың үшінші-төртінші сатысы анықталса, әсіресе төртінші сатысында бауыр циррозына ұшыратады. Мұндай жағдайда науқас алты ай бойы ем қабылдайды.
РКС: Мамандар вирусты гепатиттің алдын алу үшін вакцина алып, жеке гигиенаны сақтауды ескертеді. Сонымен қатар, медициналық шаралар кезінде тазалыққа өте мұқият болып, уақытылы тексеріліп тұрған абзал.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.