ДИКТОР: Облыста волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде аймақ бойынша 90-ға жуық ұйым тіркелген. Ал ондағы волонтерлердің саны 3600-ден асады. Түрлі мамандық пен әр жастағы жандардың мақсаты бір. Қолдауды қажет еткендерге қол ұшын беруге әп-сәтте біріге кетеді. Қыста олар жалғызбасты қариялар тұратын жекеменшік үйдің ауласын қардан тазалайды, апта сайын ардагерлерге азық-түлік себетін жеткізіп береді. Жоғалып кеткен адамдарды іздеуге қатысады. Бұл қадамға олар қалай келді, еріктілердің қатарына қалай қосылуға болады. Тілші айтсын.

РКС: Волонтерлердің жұмысы ақшамен өлшенбейтін көмек. Олар өзінің алтын уақыты мен бар күш-жігерін өзгелердің жан тыныштығы мен бақыты үшін жұмсайтын жандар. Тек жыл басынан бері қайтарымсыз негізде еріктілер 300-ден астам іс-шара өткізіпті. Атап айтқанда күміс, авто және зооволонтерлік бағыттары қарқынды дамуда. Әсіресе «Таза әлем» акциясы өзекті.

СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазіргі таңда Ақмола облысы жастар ресурстық орталығы волонтерлерді қолдау орталығы фронт кеңсесімен көптеген жұмыстар өткізіліп жатыр. Оның ішінде 9 бағыт бойынша «Таза Қазақстан» акциясының бағыты бойынша «Таза әлем» акциясы. Жазғы уақыт болғандықтан, қолға алынуда. Айтып өтетін болсақ, Зеренді, Атбасар, Бурабай аудандарында ауқымды барлық облыстың аудандары тартылып жатқан жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек жалпы волонтерліктің қайырымдылыққа арналған ең бағытты, ең пайдалы, тиімді бағыттарының бірі жүзеге асуда.

РКС: Волонтёрлік қозғалысқа мемлекеттік деңгейде қолдау бар. Аймақта «Волонтерлік қызметті дамытуға қатысты шараларды ұйымдастыру және өткізу», «Мен волонтермін» жобалары жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар әлеуметтік жобаларды қолдауға және оған жастарды тартуға, еріктілікті дамытуға бағытталған. Айта кету керек, облыстағы ең жас волонтердің жасы 15-те.

СНХ: ДІНМҰХАМЕД ТАЛҒАТОВ, ВОЛОНТЕР: Негізі осы волонтерлік іске маған есікашқан менің әпкем болады. Әпкем волонтерлік жобаларға қатысқаннан кейін өзімде қызығушылық пайда болды. Волонтерлік рух пайда болды. Көптеген жобаларға әпкеммен қатыстым. Содан бері табиғатқа, біздің ортаға көмектесуге әрдайым дайынмын. Ол өте маңызды деген ойдамын.

РКС: Жыл сайын волонтерлер тұрғындарды қолдау бағытында ондаған қайырымдылық акциясын ұйымдастырады. «Мектепке жол», «Қарттарды қолдау айлығы», «Жаңажылдық шырша» және Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған шаралар солардың қатарында. Бұдан бөлек, облыста волонтерлік қызметті қолдау мен дамытудың аймақтық бағдарламасы бекітілген. Кез келген ниет білдіруші ерікті қозғалыстың мүшесі бола алады.

ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ