ДИКТОР: Зеренді ауданында туризмді дамыту мақсатында облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік қолдау алған нысандарға мониторинг жүргізді. Айта кетейік, соңғы үш жылда бұл бағытқа 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

РКС: Мониторингтік топ Зеренді ауданындағы бірқатар туристік нысанды аралап, олардың жағдайымен танысты. Бұл нысандарға мемлекеттік қолдау аясында инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылған. Олардың қатарында қонақ үйлер, демалыс лагерьлері және санитарлық-гигиеналық тораптар жөнделіп, жаңартылған. Мамандардың айтуынша, өңірде ішкі туризмнің дамуы оң динамика көрсетіп отыр.

СНХ: АНДРЕЙ ПОДГУРСКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Зеренді курорттық аймағында туризм саласы тұрақты дамып келеді. Пандемиядан кейінгі кезеңнен бастап туристер саны жыл сайын 10-15 процентке артқан.. Бүгінде аймаққа жылына 100 мыңнан астам турист келеді. Аймақтың көлік инфрақұрылымы да біртіндеп жетілдірілуде. Қазіргі уақытта Қазақстандағы алғашқы пилоттық жоба аясында Көкшетау–Зеренді бағыты бойынша үш жолақты реверсивті қозғалысқа арналған автожолдың құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба Зеренді курорттық аймағының көлікпен жету қолжетімділігін айтарлықтай жақсартып, туристер легін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

РКС: Қоғамдық кеңес мүшелері тек қаражат бөлумен шектелмей, оның тиімді әрі мақсатқа сай жұмсалуына қатаң бақылау жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Іссапар форматында жүргізілген мониторинг нақты жағдайды толық және объективті бағалауға мүмкіндік береді.

СНХ: СЕРІК КӘКЕНОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз шамамен бес нысанды аралап шықтық. Көп жұмыс атқарылған. Әрине, кейбір мәселелер бойынша туындаған сұрақтар да болды, оған да жауап алдық. Кей нысандар мемлекеттік субсидияны алған болса, енді біреуі өтінім беріп қойған, оларды біз алдағы президиум отырысында қарастырамыз.

РКС:Демалушылар да нысандардағы инфрақұрылым айтарлықтай жақсарғанын айтады. Жайлы демалыс үшін барлық қажетті жағдай жасалған,-дейді.

СНХ: РОЗА БЕЙСЕКОВА, ДЕМАЛУШЫ: Біз бұл жерге бірінші рет келіп отырған жоқпыз, жиі келеміз. Өте жақсы, ауасы да керемет. Біздің жасымызға өте қолайлы демалыс болады.

РКС: Мониторинг қорытындысы бойынша кеңес мүшелері өңірдің туристік әлеуетін дамытуға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды жоспарлап отыр. Мамандардың пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ