ДИКТОР: Алкогольді ішімдік пен есірткіге тәуелділік - облыстық психикалық денсаулық орталығы мамандары күн сайын бетпе-бет кездесетін өзекті мәселелердің бірі. Тәуелділікке ұшыраған азаматтарға қандай көмек көрсетіледі? Наркологиялық есепте қанша адам тіркелген? Жастар арасындағы есірткінің алдын алу шараларына неліктен биыл айырықша көңіл бөлініп отыр? Тілші баяндасын.
РКС: Наркология орталығының мамандары күн сайын есірткіге тәуелділіктің бірнеше түрімен келген науқастарды қабылдайды. Ішімдікке тәуелді азаматтар жағдайына қарай стационарлық немесе амбулаториялық ем ала алады. Дәрігерлер оларға психотерапиялық көмек көрсетіп, ем тағайындайды, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдейді. Егер науқастың жағдайы нашарласа, стационарға жатқызылады.
СНХ: ОЛЬГА ПОЗДЕЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХИАТР-НАРКОЛОГЫ: Бұл орталыққа ішімдікке тәуелді науқастар күн сайын келеді. Кейбірі көмекке өз еркімен жүгінсе, енді бірі полиция қызметкерлері, туыстары, әйелдері немесе балаларының өтінішімен келеді. Сондай-ақ, Алексеевкадағы бөлімшеде емделіп шыққан науқастар және Раздольный ауылындағы оңалту орталығынан шыққан азаматтар кейінгі бақылау үшін қайтадан орталыққа келеді.
РКС: Бүгінде өңірде 5 мыңнан астам адам наркологиялық есепте тұр. Оның 408-і есірткіге тәуелді. Өкініштісі, олардың арасында 40 әйел және 3 жасөспірім бар.
СНХ: МУСЛИМ ЗАГИРОВ, ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ БАСШЫСЫ: Науқастардың басым бөлігі опиоидты және каннабиноидты заттарға, сондай-ақ дәріханалардан заңсыз алынатын түрлі есірткі түрлеріне тәуелді. Бұған қоса, синтетикалық заттарды қолданатын науқастар да бар. Алдын алу шараларына келсек, биыл жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу шараларына ерекше назар аударылып отыр. Себебі биылғы жыл ресми түрде нашақорлықтың алдын алу жылы деп жарияланды. Заң мен тәртіп қағидатының аясында атқарылып жатқан шаралар біздің жұмыстың кең ауқымын алды. Бұрын есірткіге қарсы профилактика тек медициналық тұрғыдан қарастырылса, қазір әлеуметтік және құқықтық міндет ретінде де қарастырылуда.
РКС: Соңғы уақытта жасөспірімдер мен жастар арасында көмекке жүгінгендердің саны артып келеді. Мамандар бұл дерттен арылуға болатынын, бастысы - уақытында көмекке жүгіну қажеттігін ескертеді. Айта кетейік, облыстық психикалық денсаулық орталығында тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істейді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ