ДИКТОР: От пен судың ортасында қалтқысыз қызмет ету, төтенше жағдайларда адам өмірін құтқару - екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Соңғы жылдары азаматтық қорғау саласын өмірлік жолым деп таңдаған арулар саны артып келеді. Олар - жүрегінде батылдық, жанарында үміті бар, елге қызмет етем деген адал ниетпен қаруланған болашақ жас мамандар. Биыл да осындай арман мен мақсат жетелеген қыздар Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының табалдырығын сеніммен аттады.

РКС: Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына жаңа оқу жылына үміткерлерді қабылдау аяқталды. Аталған білім ордасына түсуге 134 кандидат тіркелген. Олардың 123-і әскери-медициналық комиссияның тексерісінен сәтті өтіп, талапқа сай екенін дәлелдеді. Десе де, физикалық дайындығы бойынша нормативтерді 115 үміткер ғана орындай алды. Қатаң іріктеу кезеңдерінің нәтижесінде 100 талапкер Академия студенті атанды. Олардың ішінде 6 қыз бала бар. Бұл көрсеткіш - азаматтық қорғау саласындағы әйелдердің үлесі артып келе жатқанын көрсетеді.

СНХ: ҚУАНЫШБЕК КӘРМЕНОВ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қыздар мен ұлдарға талап бірдей, Бірақ физикалық дайындығы бойынша нормативтер әртүрлі. Ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек. Бізге оқуға түскен қыздардың жартысы талаптардың барлығын орындайды. Ұлдардан еш кем түспейді, бізде арнайы нормативтер болады. Арнайы құтқару дайындығының шеңберінде барлық нормативтерді жақсы орындайды олар. Заң бойынша барлық түлектер 100 процент жұмысқа орналастырылады. Өйткені олар оқуға түскен кезде төтенше жағдай департаменттерінің тапсырысы бойынша оқуға түседі. Аяқтағаннан кейін сол департаментке қызметке барады. Жалпы құқық қорғау қызметкерлеріне жеңілдіктер, әлеуметтік пакеттер қарастырылған.

РКС: Барлық іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, сынаққа сынбай, академия курсанты атанған нәзік жандылардың бірі - Қарақат Қамысбай. Ол Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының тумасы. Ол бала күнінен азаматтық қорғау саласында қызмет етуді армандап, өзінің қайсар мінезімен, Академияға түсуге бел буған. Қарақат халыққа көмек көрсетіп, қыз баласының жаны нәзік болғанмен тәні мықты екенін дәлелдегім келеді-дейді. Оны бұл жолға жетелеген - «еліме адал қызмет етсем» деген бала күнгі арманы.

СНХ: ҚАРАҚАТ ҚАМЫСБАЙ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Осы мамандыққа түсуіме отбасым ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ, керісінше, қолдауларын білдіріп, батасын беріп шығарып салды. Нормативке таңертең және кешке дайындалдым. Біз 100 метрге жүгірдік. Пресс жасадық. Маған дайындалғасын аса қатты қиынға соқпады. Тек 100 метрге жүгіруде аздап қиналдым. Бірақ, барлық нормативтерді жақсы тапсырдым.

РКС: Бүгінде азаматтық қорғау саласында әйел мамандардың үлесі жыл сайын артып келеді. Бұл - ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халыққа қызмет көрсету тек ер азаматтардың ғана емес, барлығына ортақ міндет екенінің дәлелі. Олар еш тайсалмай, от пен суға қарсы тұрып, ауыр жұмыстың салмағын абыроймен көтеруге бел буған қайсар жандар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ