ДИКТОР: Жас ғалымдарды мемлекеттік қолдау нәтижелі болып келеді. Еліміздің әр өңірінде халықтың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға тікелей бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – су ресурстарындағы микропластикті зерттеу жобасы. Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Ақмола облысының жас ғалымдары жүргізген зерттеулер халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері тарапынан қолдауға ие болды.

РКС: Ғылыми зертттеу жұмыстары аймақтағы Қопа, Зеренді, Бурабай көлдері мен Есіл өзенінде және Көкшетау қаласының орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін қамтыды. Ғалымдар микропластиктің қоршаған ортаға таралуы мен оның ауыз суға түсуіне қатысты өзекті мәселелерге назар салды.

СНХ: САЛТАНАТ ОРАЗБАЕВА, А.МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЭКОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ: Ғылым жолына кездейсоқ келгем жоқ. Жас ғалым, ғыылыми қызметкер ретінде мені жер бетіндегі небір кереғар үдерістер алаңдататын. Бала кезімнен қызығушылығым басым еді. Қоршаған ортаның жылдам ластануы салдарынан зиянды қалдықтар көбеюде. Оның бәрі адам денсаулығына тікелей әсер ететіне алаңдаймын. Ғылыми қызметкер үшін ең бастысы зерттеу жұмысының нәтижесін көру. Тек аймақтық деңгейде ғана емес, республикалық, халықаралық ауқымда лайықты қолдау табуы маңызды.

РКС: Ғалымдар микропластикті тазартудың авторлық әдістемесін тіркеді. Әдістемелік нұсқаулықтарын жарыққа шығарды. Сондай-ақ халықаралық ғылыми журналдарда қосалқы авторлық мақалалар жариялады. Зерттеулердің қорытындылары монографияға жинақталған. Жергілікті ғалымдардың еңбектері еліміз бойынша одан әрі зерделеу және стандарттау тәсілдеріне негіз болды.

СНХ: САЛТАНАТ ОРАЗБАЕВА, А.МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЭКОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ: Микропластикті ауыз судан ажыратуға қатысты ұсыныстар біздің еңбегіміздің нәтижесі. Сонымен қатар ауыз су мен табиғи сулардағы микропластиктің құрамын анықтау үшін сынама алу, талдауға қатысты әдістемелік нұсқаулықтарды пайдалануға болады. Сондай-ақ, біздің әзірлеген әдістемемізге авторлық құқық куәлігі берілген.

РКС: Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жас зерттеушілер халықаралық тәжірибеге қол жеткізуде. Сонымен қатар шетелдік университеттермен бірлескен жобаларға, тағылымдамаларға қатысуда.

БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.