ДИКТОР: Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына 63 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Былтырғы жылы құйылған қаржыдан 2,5 есе артық. Бұл туралы арнайы ұйымдастырылған брифингте қала әкімі Әнуар Күмпекеев мәлімдеді. Жыл басынан бері қаланың негізгі экономикалық бағыттары - инвестиция тарту, құрылыс, өнеркәсіп және инфрақұрылым салалары – рекордтық даму қарқынын көрсетуде. Қалада мектептер, ауруханалар мен спорт нысандары бой көтеріп жатыр. 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. 96 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: 2050 жылға дейінгі Бас жоспарға сәйкес қаланың инфрақұрылымы мен сәулеттік келбетін түбегейлі өзгерту көзделген. Бұл жоспар бойынша бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен сүру жұмыстары басталып кетті. Қалада тозығы жеткен 149 үй сүріледі деп жоспарланып отыр. Қазір Быковский көшесінде 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы басталды.
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша Көкшетауда тұрғын үй қорын жаңғыртуға арналған стратегиялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жоба тұрғындарды қауіпсіз әрі қолайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, тозығы жеткен және апатты тұрғын үй қорын жоюға, қоныс аудару үшін тұрғын үй резервін қалыптастыруға және қаланың ортасын жаңғыртуға бағытталған. Бекітілген Реновация бағдарламасына сәйкес 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен 149 апатты және тозығы жеткен үйді сүріп, шамамен 32 жаңа көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл жоба «Көкше инжиниринг» серіктестігі арқылы инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда.
РКС: Сонымен қатар, қаланың өнеркәсіп секторы да жоғары қарқынмен дамуда. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 196 миллиард теңгеден асты. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай ілгеріледі — бұл саладағы өсім 140 процентке жетті. Бұл көрсеткіштер қала экономикасы біртіндеп әртараптанып, өңдеуші секторға басымдық беріліп жатқанының дәлелі. Жылумен қамту жүйелері қайта жаңғыртылуда, қосалқы электр станциясы жаңартылып жатыр. Шаһардың инфрақұрылымын дамыту бағытында «Көк шалғын» жобасы жүзеге асырылуда. Оған 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Біртұтас қоғамдық кеңістікті қалыптастыру шеңберінде Мәңгілік алау, Даңқ аллеясының аумағы, Тәуелсіздік алаңы және Сағдиев көшесі біріктіріліп, «Көк Шалғын» бірегей сәулет және дизайн стиліндегі жоба жүзеге асырылады. Жоба аясында кешенді көгалдандыру, суару жүйесі мен фонтандар орнатылады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолына заманауи төсемдер төселіп, декоративті жарық шамдары, демалыс орындарына арнайы орындықтар орналастырылады. Барлық жұмыс Жаңа жағалау аумағымен жалғасып, біртұтас әрі жайлы орта қалыптастырады.
РКС: Көшелерге жарық орнату жүйесін жаңғыртуға да ерекше назар аударылып отыр. Сонымен қатар, балалардың 24 жаңа ойын алаңы жаңартылуда. Жыл соңына дейін шамамен 100 аула аумағы жүйеге келтірілмек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ