ДИКТОР: «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын мекендейтін жабайы жануарлар үшін қысқы маусымға 21 мың сыпырғыш мен 62 тонна шөп дайындалады. Қазір қорықшылар алдағы қысқы маусымға дайындыққа белсенді кірісіп кетті.
РКС: «Көкшетау» ұлттық паркінің Зеренді филиалы 36 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Орман шаруашылығының аумағында бұлан, елік, бұғы және жабайы қабандар тіршілік етеді. Солтүстіктің қытымыр аязынан жабайы жануарлардың аман шығуы үшін филиалдың жұмысшылары жемазық әзірлеуді бастады.
СНХ: АЛЕКСЕЙ ЛИ, «КӨКШЕТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ЗЕРЕНДІ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС ҚОРЫҚШЫСЫ: 15 мың сыпырғыш дайындалды. Әр қорықшының өзіне бекітілген аумағы бар. Сол жерде күнделікті жүйелі жұмыс жүргізеді. Демалыс күндері бәрі жұмысқа шығады. Қазір жаз мезгілі. Демалушылардың қарасы қалың. Сондықтан тәртіп бұзушылықтың алдын алу қажет.
РКС: Жануарларға жиналған шөп пен сыпырғыштар арнайы қоректендіру алаңдарында сақталады. Қыс мезгілінде әр он күн сайын жемазық орманға жеткізіледі. Мұндай шаралар жануарлар популяциясын сақтаумен қатар, олардың табиғи ортадағы жай-күйін бақылауға да мүмкіндік береді. Айта кетейік, биыл аймақтағы киіктер саны 200 мыңға жетіп отыр. «Көкшетау» ұлттық паркі Зеренді филиалының аумағында орман өртінен қорғау станциясы орналасқан. Мұнда жасыл желекті алқапты қорғауға жауапты 10 штаттық қызметкер жұмыс істейді.
СНХ: ЖАНЫСБАЙ МҰҚАЖАНОВ, ОРМАН ӨРТІНЕН ҚОРҒАУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Өрт сөндіру станциясы жыл он екі ай жұмыс істейді. 36 мың гектар орманды аумаққа қызмет көрсетеміз. Барлық техника жұмысқа сақадай сай. Құрамда екі өрт сөндіру көлігі, бір шағын өрт сөндіру кешені, патрульдік бір көлік және трактор бар.
РКС: Бөлімше жауынгерлері жүйелі түрде оқу-жаттығудан өтіп тұрады. Сонымен қатар олар әркез жоғары дайындық жағдайында,-дейді орман өртінен қорғау станциясының бастығы.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.