ДИКТОР: Ақмола облысында теміржол вокзалдары мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Макинск қаласындағы теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейде ауқымды жаңарту жұмыстары қолға алынған. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Бұланды ауданына жұмыс сапары аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
РКС: Макинск қаласындағы теміржол вокзалының ғимараты 1964 жылы қолданысқа берілген. Соңғы рет 2004 жылы күрделі жөндеуден өткен. Биыл мамыр айында басталған жаңғырту аясында барлық сүру жұмыстары толық аяқталып, қазір мердігерлер ғимараттың тірек құрылымдарын нығайту және инженерлік жүйелерді жаңарту үстінде.
СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Ақмола облысында 16 вокзал қайта жаңғыртылмақ. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар — облыс әкімдігі — вокзал маңындағы алаңдарды жөндеуді жоспарлап отыр. Биылғы басты міндет — барлық 16 вокзал мен олардың маңындағы аумақтарды толықтай жөндеу. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүргізіліп, құрылыс маусымы қарқынды өтіп жатыр.
РКС: Мердігерлер ғимараттың шатырын ауыстыру, кіреберісін қалпына келтіру, вокзал алдындағы алаңдарды жаңарту және ішкі әрлеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жауапты мердігерлерге жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.
ИНТЕРШУМ: Вокзал деген сендердің кіре берістеріңіз ғой. Соған қарап келе жатқан қонақтардың қалаға, мәдениетіне, адамдарына деген көзқарастары қалыптасады. Бұған жай қарауға болмайды.
РКС: Жөндеу жұмыстары жылдың соңында аяқталады деген жоспар бар. Сонымен қатар, Макинск қаласында биыл Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейіне күрделі жөндеу жүргізілуде. 70 жыл бұрын салынған білім ордасы қазіргі заман талабына сай келмейді. Айта кетейік, мектеп дұрыс тамақтану бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының пилоттық жобасына енгізілген.
СНХ: АҚКҮМІС САЛМАНОВА, ТАҒАМТАНУ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ: Жобаның мақсаты - мектептерде дұрыс тамақтанудың қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен мектеп тамағын жеткізушілер арасында тұрақты байланысты қалыптастыру. Наурыздың 4-інде мектеп тамағына арналған стандарт қабылданды. Қазіргі уақытта жобаның бірнеше кезеңі сәтті аяқталды. Қазір біз аудандық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен мектептер арасында пилоттық байланысты орнату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігіне арналған ұсыныстар әзірленуде.
РКС: Бұған қоса, «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 250 млн теңгеге 40 кабинет жабдықталмақ. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы су құбыры жүйесін қайта құру барысымен танысты. Жобаның ұзындығы - 72 мың метр. Бүгінде жұмыстың 70 проценті орындалды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ