ДИКТОР: Ауылдық денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Өңірде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып, оның аясында жас мамандар ауылдық медициналық мекемелердің кадрлық құрамын толықтыруда. Ол Қазақстанда 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді және жыл сайын өзінің тиімділігін дәлелдеуде.

РКС: Красный Яр ауылының алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы 15 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетеді. Мұнда 51 дәрігер, 78 медбике және 8 санитар жұмыс істейді. Мекеме тұрғындарға білікті, шұғыл, жоспарлы және консультативтік көмек көрсетеді. Бағдарламаны іске асырудың арқасында соңғы екі жылда аталған орталыққа жаңа 7 маман келді.

СНХ: ИНДИРА ЖАХИНА, КРАСНЫЙ ЯР АУЫЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Соңғы екі жылда орталығымызға төрт дәрігер келді. Былтыр жалпы практика дәрігері мен педиатр келсе, биыл тағы екі жалпы практика дәрігері келіп қосылды. Сондай-ақ, былтыр медициналық колледжімізден үш медбике келді. Олардың барлығы да көтерме жәрдемақыға құжат тапсыруға құқылы және тапсырып та жатыр. Қазір жас мамандарға жергілікті бюджет есебінен 8,5 миллион теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша төлем қарастырылған. Бұдан бөлек, олар тұрғын үй алуға да өтініш бере алады. Мұның бәрі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жүзеге асады.

РКС: Бағдарлама қатысушыларының бірі – Гүлмира Нұрмағамбетова – жалпы практика дәрігері. Ол Красный Яр ауылында қабылдау жүргізіп жатыр. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы медицина кадрлары тапшылығы мәселесін шешіп, жас мамандарды қолдай алады, – дейді дәрігер.

СНХ: ГҮЛМИРА НҰРМАҒАМБЕТОВА, КРАСНЫЙ ЯР АУЫЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАЛПЫ ПРАКТИКА ДӘРІГЕРІ: Жуырда мен «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығына ауыстым. Қазір учаскеде жұмыс істеп жатырмын, терапевт те, педиатр да болып қызмет атқарамын. Осындай «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының бар екеніне өте қуаныштымын. Мұнда жас мамандарды қолдап, көтерме жәрдемақы беріледі. Қазір оның мөлшері – 8,5 миллион теңге. Бұл – жастар үшін үлкен қолдау әрі алдағы уақытта жұмыс істеуге зор мотивация. Үш жыл ішінде мемлекеттік грантты өтеуге міндеттімін, және осы уақыт ішінде жақсы тәжірибе жинап, білім алып, ауқымды жұмыс жүргіземіз деп сенемін.

РКС: Былтыр Ақмола облысының ауылдарына 160-тан астам маман барды. Оның 19 проценті – медицина қызметкерлері. Өңір бойынша бағдарламаға қатысушылардың саны 7 мың 200 адамнан асты. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғаса бермек.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ