ДИКТОР: 1997 жылдың шілденің 11-інде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылданды. Бұл заңның басты мақсаты - мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қоғам өмірінің барлық салаларында еркін әрі кең қолданылуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, аталған құжат еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің тілдерін сақтау мен дамытуға да кепілдік береді. Бұл - Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы тілдік келісім мен этносаралық татулықты нығайтатын маңызды қағидаттардың бірі. Бүгінде бұл заңның қабылданғанына 28 жыл. Облыс аумағында мемлекеттік тілдің қолданыс аясы жыл санап кеңейіп келеді. Әсіресе іс қағаздарды қазақ тілінде жүргізу - басты басымдықтардың бірі.

РКС: Қазақ жазуы өз тарихында бірнеше кезеңді бастан өткерді. 1929 жылға дейін араб графикасы қолданылып, діни, тарихи және әдеби мұралардың таралуына ықпал етті. 1929 жылы сауаттылықты арттыру мақсатында латын графикасы енгізіліп, 1940 жылға дейін қолданылды. 1940 жылдан бастап Кеңестік Одақтың саясатына сәйкес қазақ жазуы кирилл графикасына негізделген орыс әліпбиіне ауыстырылды.

СНХ: СӘБИТ ЖӘМБЕК, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Жалпы қазақ тілі дегенде мына көне түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, ең көркем, ең сұлу тіл ол – қазақ тілі. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейіндегі қолданысына келсек, қазақ тілінің алфавиті, әліпбиі дегеннің өзі ол сонау руникалық жазудан бастап, 9-8 ғасырларда араб жазуы, араб графиасы дейміз, одан қалды 20 ғасырдың басында біз латын графикасын көштік. Одан 1940 жылдары, соғыстың алдында біз кирилль таңбасына көштік.

РКС: Бүгінде облыстық ішкі саясат басқармасы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тілдік мәдениетті арттыру және оның мәртебесін нығайту бағытында түрлі іс-шаралар қолға алынуда. Көрнекі ақпараттар мен жарнамалық материалдардың жазуылуына да ерекше назар аударылып отыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 1012 көрнекі ақпарат нысанына тілдік талаптарға сәйкестік тұрғысынан зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде, 970 көрнекі ақпарат құралы заңнама талаптарына сай ретке келтірілді. Сондай-ақ, өңірде қазақ тілін бейресми түрде үйрететін 20 тіл клубы жұмыс істейді. Мемлекеттік органдардың шығыс құжаттарының 92 проценті қазақ тілінде рәсімделген.

СНХ: ДУЛАТ ҚОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ОНОМАСТИКА БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Жалпы Тіл туралы Заңды алып қарасақ, ол 6 тараудан тұрады. Оның ішінде тіл мәселесін дамыту, ономастика мәселесі бар. Облыстық ономастикалық комиссия өңірдегі елдімекендерді қайта атау және атау беру мәселелерін шешеді. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 6 мекемеде тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл тексеру кезінде Тіл туралы Заңның орындалуына тоқталамыз.

РКС: Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң нормаларының жиі бұзылуы әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлік нысандардың маңдайшаларында, баннерлерде, ақпараттық тақтайшалар мен хабарландыруларда мемлекеттік тілдің талапқа сай қолданылмауы жиі кездеседі. Осындай заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жауапты мекемелер тарапынан түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Қажет болған жағдайда тиісті талаптарды елемегендерге ескерту жасалып, заң аясында шаралар қолданылады. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты іс жүзінде қамтамасыз етуге бағытталады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ