ДИКТОР: Қамқорлық пен мейірімділіктің ерекше үлгісін көрсеткен жоба – ерекше балаларды тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналарға арналған фитнес үйірмесі өз жұмысын бастады. Ақмола облыстық Аналар кеңесі, Әйелдер күші альянсы және «Бархатный круг» әйелдер қауымдастығы бұған дейін ерекше балалардың аналарының бір мезгіл өздеріне көңіл бөлуі үшін арнайы орын жоқ екенін бірнеше мәрте көтеріп келген еді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Мәселе назарсыз қалмай, аналарға осындай қолдау жасалып отыр. Бұл бастама – аналардың физикалық саулығын жақсартып қана қоймай, психологиялық қолдау көрсетуге де бағытталған.

РКС: Мәжіліс депутаты Динара Наумованың тікелей атсалысуымен белсенді өмір сүру орталығының қабырғасында ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға фитнеспен айналысуға арнайы зал бөлініп отыр. Үйірме аптасына бірнеше мәрте өтеді. Мұнда кәсіби нұсқаушылар аналарға арнап арнайы жаттығу бағдарламаларын әзірлеген. Ең бастысы – қатысу тегін. Үйірме – тек спортпен шұғылдану орны ғана емес, аналардың бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасатын ортаға айналмақ. Қазір бұл клубта мақсаты мен мүддесі ортақ 50 ана бас қосқан.

СНХ: ДӘУРИЯ ТӨЛЕШОВА, «БАРХАТНЫЙ КРУГ» ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Осы өткен жұмада Парламент мәжілісінің депутатымен кездесу өтті бізде. Наумова Динара деген кісімен. Біздің ерекше балалары бар аналарға және көп балалы аналарға бос уақытын тиімді және пайдалы өткізу үшін осындай бір үйірмелер болса екен деген сондай ұсыныс қойғанмын. Сол кезде менің сөзімді далаға тастамай біздің қала әкімінің орынбасары Айгүл Бексұлтанқызы және де Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Құрманбайқызы және де Әйелдер күші альянсының төрайымы Анаргүл Мұхамедрахимованың қолдауымен келесі күні бізге осындай жауап берілді. Біз өте қуаныштымыз. Біз үшін бұл үлкен мәртебе. Әрбіреуіміз ерекше балалардың анасы болған кезде сыртта өзіміздің арман-мақсаттарымыз қалып қойды кішкене. Және осы орталықта біз өзіміздің армандарымызды қол жеткіземіз деген үміттеміз.

РКС: Фитнес үйірмесі жергілікті әкімдік пен демеушілердің қолдауымен іске асырылып отыр. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта үйірмені кеңейтіп, аналар үшін басқа да пайдалы бағыттарды қосуды жоспарлап отыр.

СНХ: ГҮЛМИРА ДІЛМАНОВА, ФИТНЕСКЕ ҚАТЫСУШЫ АНА: Мен қазіргі кезде ерекше бала өсіріп жатырмын. Қызым 14-те. Аутизм диагнозын қойдық. Қазіргі кезде «Ұзақ өмір орталығында» бос уақытымызды өткізіп жатырмыз. Осы орталыққа көп рахметімізді айтамыз. Өйткені,ерекше балаларды тәрбиелеп жатқан аналармен пікір алмасу керек және бір-бірімен қол ұшын беру керек. Осы ұйымдастырушыларға көптен-көп рахметімді айтамын.

РКС: Ерекше балалардың ерекше аналарына арналған бұл бастама – қоғамдағы жанашырлық пен қамқорлықтың айқын көрінісі.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ,КӨКШЕ АҚПАРАТ