ДИКТОР: “Балдаурен” оқу-сауықтыру орталығында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен «Мен қазақпын» атты балалар құрылтайы өтті. Оның басты көздегені - шетелден келген жас ұрпақтың Қазақстандағы қатарластарымен танысып, етене жарасып, ұлттық сана-сезімін ояту. Шараға қатысып қайтқан тілшіміз баяндайды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қазақстандық Артек саналатын «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы ерекше қонақтарды қарсы алды. Әлемнің әр түкпірінен келген шет елдегі қандас балалар осында жиналды. Түрлі мемлекеттен келген қазақ ұл-қыздары туған жердің табиғатына тамсанып, қазақы салт-дәстүрмен жақынырақ танысуда. Аталған шараға 7 мемлекеттен 288 бала келді. Қазақтың тілімен қатар, салт-дәстүрін дәріптеуде аталған шараның тигізер пайдасының зор екенін де ұйымдастырушылар тілге тиек етті.
СНХ: ЗАУЫТБЕК ТҰРЫСБЕК, ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 288 баланы әлемнің түкпір-түкпірінен киелі, қасиетті Бурабай жеріне әкеліп отырмыз. Қазақ өзі көп емес. 16-17 миллион төңірегінде. 20-ғасырдың басында қазақ 6 миллион болған.Бұл жоба келшек үшін.
РКС: Балдәуренге келген балалар үшін арнайы бағдарлама дайындалған. Қазақ тілі сабақтары, ұлттық би мен домбыра үйірмелері, тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылуда. Мақсат – шеттегі қазақ балаларының ана тілі мен ұлттық болмысын сақтау, туған елмен байланысын нығайту. Шет елде жүрсе де ұлттық құндылық пен болмысты,тіл мен дінді сақтауда, ұрпаққа насихаттау жолында білгенін үйретіп келе жатқан отбасылар да бар. Демалуға Моңғолия жерінен 67 бала келіпті. Иран мемлекетінен 5, Ресейден 8 бала ғана келуге мүмкіндік алған.
СНХ: ДИНАРА ТӘЖІҒАЛИЕВА, РЕСЕЙ ӨКІЛІ: Біз Ресейден келдік. Самара қаласынан. Балалар жыл бойы Балдауренге келуді армандаумен болды. Ана тілін үйренгісі келеді, тілді толық меңгеруді армандайды. Біз ата-ана, ұйым ретінде балаларымызды тарихи Отанымызға әкелуге тырысамыз. Ой-санамыз, жүрегіміз осында. Мен 13 жасымда осында демалдым. Балалармен танысып, достар таптық. Содан бері жүрегіміз Қазақстан деп соғады. Балаларды осында көбірек әкелуге мүмкіндік болғанын қалаймыз. Осында келеміз деушілер өте көп болды. Әсіресе ата-аналар балаларын әкелгісі келді.
РКС: Туған елдің самал желі, сылдыр қаққан бұлағы, көк шалғын даласы – алыстан келген бала жүрегінде үнсіз сыр шерткендей. Олар үшін бұл жер – кітап бетінде ғана көрген ата мекен, енді міне, сол мекен шынайы өмірге айналды. Әр аттаған қадамы – арманға жақын, әр үйренген сөзі – жүректегі қазақылықтың үні. Сағынышпен келген сезім енді мақтанышқа айналып, кеудеде елге деген ерекше махаббат оянып жатыр.
СНХ: ӘЛІБЕК ЖҰМАН, МОҢҒОЛИЯДАН КЕЛГЕН ДЕМАЛУШЫ: Мен Моңғолиядан, Баян Өлгей ауылынан келдім. Маған Балдәуренде ұнағаны вожатыйлардың балаларға қараған отношениялары және балалардың өздері ұнады. Басқа елден келгендер культурасы және де поведениялары басқаша да. Сол үшін де маған Балдәренде жүрген қатты ұнады.
СНХ: ЖАНБОТА САЯТБЕКҚЫЗЫ, ҚЫТАЙ ЕЛІНЕН КЕЛГЕН ДЕМАЛУШЫ: Балдәуренге келгенге қазақтың қаны деген осы екен ғой деп өте қуаныштымын. Балалар бәрі әртүрлі тілде сөйлейді,бірақ бәрі қазақша біледі.Қазақтың адамы деген осы екен. Бәріміз қазақпыз бір жерде боламыз, бәріміз қуанышты көңіл күймен өте күшті сезіндім. Балдәуренде апайларымыз болсын, бәріміз де өте қуанышты көңіл күймен өте күшті. Қазақстан маған өте ұнады. Оның үстіне мен өзім қазақпын.Қаным қазақ, Отаным қазақ.
РКС: Бағдарлама аясында түрлі танымдық, мәдени және шығармашылық шаралар өткізілді. Іс-шара соңында жастар мен жетекшілерге арналған мазмұнды лекциялар ұйымдастырылады. Айта кетейік, туған жерге деген сағынышты басқан бұл сапар балалардың жүрегінде ұмытылмас естелік болып қалары сөзсіз. Ал Балдәурен – олардың жүрегінде Қазақстанға апарар алтын көпірге айналуда.
ИНТЕРШУМ:
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ,КӨКШЕ АҚПАРАТ