ДИКТОР: Сандықтау ауданындағы «Жас дәурен» балалар сауықтыру лагерінде Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «30 жылдағы Достық пен келісім» фестивалі ұйымдастырылды. Шараның негізгі ерекшелігі Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың бірлігі мен ынтымағын көрсету. Түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына ұйыстырып, тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айшықтау.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Этнофестиваль – ел бірлігін бекемдеп, мәдениетіміздің көпқырлылығын дәріптейтін маңызды алаң. Конституция күні қарсаңындағы бұл шарада халықтар арасындағы достық пен сыйластық айқын көрініс тапты. Сандықтау жерінде өткен мереке бірлік пен ынтымақты нығайтып, өскелең ұрпаққа бейбітшілік пен татулықтың асыл құндылық екенін жеткізді.
СНХ: СЕРІК ҚҰДАБАЕВ, САНДЫҚТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Конституция біздің еліміздің тұрақтылығының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Осы маңызды мереке аясында ұйымдастырылған этнофестиваль ұлтаралық келісім мен достықты нығайтудың, мәдениеттерді өзара байыту мен дамытудың тамаша мүмкіндігі. Өзіміздің рухани байлығымыздыжаңғыртып, өскелең ұрпаққа жеткізудің маңызды алаңы. Мұнда әркім өзінің тамырын танып, тарихын құрметтеп отырып, басқа халықтардың салт дәстүрін ұғынуға мүмкіндік алады.
РКС: Шараға Ақмола облысының этномәдени бірлестіктері, қоғамдық ұйымдар, өнер ұжымы мен жұртшылық қатысты. Салтанатты жиынға қатысушылар Ата Заңның арқасында этностарға жасалған тең мүмкіндіктерді атап өтіп, бірліктің маңыздылығына ерекше тоқталды.
СНХ: ЖАМУЛ МУСХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Бүгін қасиетті Сандықтау жерінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған мерекелік шара өтіп жатыр. Конституция – еліміздің негізгі заңы, мемлекетіміздің іргетасы. Оның басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Қазақстанға әр кезеңде тағдыр айдап келген миллиондаған этнос өкілі бүгінде еліміздің толыққанды азаматына айналды. Біздің міндетіміз – жас ұрпаққа бейбітшілік пен достықты, татулық пен бірлікті аманат ету. Ұлы Абай айтқандай, халықтың күші – бірлікте. Бүгінгі фестиваль – соның нақты дәлелі.
РКС: Бұл шарада облыстың әр өңірінен келген 50-ге жуық этномәдени бірлестік өз өнерін, дәстүрін және ұлттық тағамын жұртшылық назарына ұсынды. Бағдарлама аясында сәндік-қолданбалы қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағамдар мен киім үлгілері таныстырылды. Сондай-ақ концерттік бағдарлама мен спорттық ойындар да фестиваль көрігін қыздыра түсті.
СНХ: ГҮЛБАРА НҰРҚАНОВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Өзім қырғыздың қызы, қазақтың келінімін. 45 жылдан бері Көкшетауда тұрып жатырмын. Балаларға өзіміздің ұлттық өнерді үйретіп, мектепте жұмыс жасап келе жатырмын. Соның ішінде қазір ұлттық тамақтарымыз – боза, мақсым дейтін ұмытылып қалған тамақтарды, сондай сусындарды жасап, балаларға үйретіп, жалпы жанымдағы, өзімнің отбасыма, жолдастарыма, жалпы халыққа жасау жолын үйретіп жүрмін.
РКС: Осылайша, 40-тан астам этнос өкіліне мекен болған Сандықтау жерінде өткен фестиваль Конституцияның 30 жылдығын ғана емес, елімізде тұтастық пен ауызбіршілікке негізделген келісім барын паш етті. Этносаралық бірлік – еліміздің тұтастығын айшықтайтын береке бастауы, татулықтың туы. Достық пен келісімге негізделген осындай шаралар алдағы уақытта да қоғамның берекесін арттырып, елдігімізді нығайта түспек.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ