ДИКТОР: Астрахан ауданына қарасты Толқынкөл ауылының іргетасы қаланғанына биыл бір ғасыр толып отыр. Осыған орай жергілікті тұрғындар ауылдың ғасырлық, ал білім ордасының 90 жылдық мерейтойын ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Айтулы шара аясында ауыл жұртшылығы мен алыстан келген қонақтарға мерекелік концерт ұйымдастырылып, көпшілікке арнайы ас берілді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Толқынкөл ауылының ғасырлық мерейтойына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға ауыл тұрғындары, осы топырақта дүниеге келген азаматтар, ел жанашырлары мен арнайы шақырылған құрметті қонақтар кеңінен атсалысты. Ауылдың байырғы келбетін сақтап қалған мерейлі мекенге жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Салтанатты жиын барысында Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітов жиналған қауымды мерейтоймен құттықтады. Ал ауыл ақсақалы Жанат Қайыржан елді мекеннің тарихына тоқталып, ғасырлық белесте ауылдан түлеп ұшқан тұлғалардың есімін ерекше ілтипатпен атап өтті.

СНХ: ЖАНАТ ҚАЙЫРЖАН, АУЫЛ АҚСАҚАЛЫ: Біздің осы елді мекенде 120 отбасы тұрған. 11 жылдық мектеп болған. Жалғыз бізде ғана емес, көп ауылдар құлдырау үстінде. Үкімет қолдау білдірмесе ауылды тарихтан жоғалтамыз, ауыл құрып кетеді. Ауылдың ең үлкен тұрғыны 87-де. Кезінде қандай абыз ақсақалдар болды. Солардың бәрі осы Толқынкөлді аяғынан тік тұрғызып кеткен жандар. Осы өтіп жатқан мерекелер осы ауыл азаматтарының ет-тірлігінің арқасында өтіп жатыр. Ауданның әкімі қолдады. Аудан әкіміне ризашылығымызды білдіреміз. Осы ауылдан шыққан еңбек ерендері бар: Қарабалин Қуанышбек, Баймұратов Балтабай, Тілеуінбет Тоқан деген жігіттер осы ауылға көп еңбек еткен жандар. Осы ауылдың суығына тоңып, ыстығына күйген жандар. Қазақтың даласы қандай әдемі, қандай тамаша жер, сондықтан ауылды жоғалтпаңыздар.

СНХ: ЖАМБЫЛ АРТЫҚБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Қазақ тарихында 50-ші жылдарға дейінгі кезең өте ауыр кезең. 1959 жылы қазақ халқының үлес салмағы 29%-ға дейін түсіп кетті. Сол үлкен дағдарыстан алып шыққан осы Толқынкөл сияқты ауылдар. Өйткені бұл ауылдарда қазақтың демографиясы жасалды. Осы ауылдың тумалары қарап отсам, бәрі өнерлі. Бәрі қазақ тілді. Сол себепті қазақтың қазақтығын сақтаған осы ауылдар. Толқынкөл сияқты басқа да ауылдарға менің көзқарасым ерекше. Осындай ауылдарды жоғалтып алмау керек. Толқынкөлдің тарихын қос өзен Есіл мен Нұра тарихының контексінде қарау керек деп есептеймін. Бұл жердің ауасының өзі қандай, жусан иісі бұрқырап тұр. Енді сағыныштарын басып жатыр екен, осындай тойлары тойға ұласа берсін.

РКС: Бүгінде Толқынкөл шамамен 40-қа жуық түтіні бар, бірлігі жарасқан, қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Мерейтой аясында ауыл шырайы кіріп, тұрғындардың ұйымшылдығы мен белсенділігі айқын көрінді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бұл мерекелік жиын ауылдың өткеніне тағзым етіп, болашағына деген сенімді нығайтты.

СНХ: ЕРМЕК БАУЫРБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Біздің ауданда әлі ешкім 100-жылдық тойламаған. Міне бүгін алыстан ат терлетіп бәйгеге ат қосып жатыр. Жан жақтан осы тұрып, көшіп кеткен әулеттің адамдары келіп, қатысып, осы тойды ұйымдастырып жатырмыз. Бұл тойды жарты жыл бұрын ұйымдастырып бастағанбыз. Осыған бәріміз ел боп ат салысып, осындай той атқарып жатырмыз.

РКС: Табиғат аясында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрді ұлықтаған түрлі спорттық ойындар өткізілді. Мерекелік шара аясында күш пен ептілікті сынайтын ұлттық ойындар да ұйымдастырылды. Ауыл азаматтары қошқар көтеруден бақ сынасты. Сонымен қатар, арқан тартыс пен гір тасын көтеру бойынша жарыстар өткізіліп, сайысқа қатысушылар өз мықтылықтарын паш етті. Балуандар белдесіп, қазақ күресінің көрігін қыздырды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ЖАСҰЛАН ХАЛХАБАЕВ: ҚАЗАҚША КҮРЕСТЕН ЖЕҢІМПАЗ: Осы жарысты естіп арнайы келіп отырмын. Жарыс өте жоғары дейңгейде өтті. Қарсыластарым жақсы дайындалып келген. Мықты, азулы. Біреуі мықты, біреуі әлсіз дей алмаймын. ММА-дан Найза деңгейдегі қарсыласым қатысып отыр.

РКС: 15 шақырымдық аламан бәйге өтіп, өңірдің жүйрік тұлпарлары бақ сынады. Сондай-ақ, төңіректің мықтылары қатысқан дүбірлі көкпар тартысы өтті. Айта кету керек, ұлттық спорт түрлерінің жоғары деңгейде өтуіне ауыл азаматтарының демеушілік қолдауы зор. Аламан бәйгенің 1 миллион теңге көлеміндегі жүлде қорын ауыл азаматы Ерболат Әбішев қамтамасыз етсе, көкпар сайысына 3 миллион теңге көлеміндегі жүлде қорын Жасұлан Қайыржанов тарту етті. Спорттың барлық түрінен жеңімпаз болғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ