ДИКТОР: Көкшетауға жұмыс сапарымен Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков келді. Ол «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінде инспекциялық шара өткізді.
РКС: Сапар барысында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы әскери қызметшілердің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен етене танысып, олардың қызметтік ахуалын жан-жақты бағамдады. Ол бөлімшенің жауынгерлік дайындық деңгейі, күнделікті қызметтің ұйымдастырылуы, сондай-ақ ішкі тәртіптің сақталуы және материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Әсіресе, медициналық қызмет көрсету мен ұсынылатын тағамдардың сапасына айрықша назар аударылды. Әскери бөлімнің командирі полковник Берік Қожахметов Ұлттық ұланның Бас қолбасшын мерзімді әскери қызметшілерге арналған жаңа казарма құрылысының барысымен таныстырды. Оның айтуынша, нысан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде және жаңа ғимаратты биылғы күзде пайдалануға беру көзделіп отыр.
СНХ: БЕРІК ҚОЖАХМЕТОВ, 5510 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ КОМАНДИРІ: Сапар барысында Бас қолбасшы әскери бөлімге жүктелген негізгі міндеттер мен жүргізіліп жатқан жауынгерлік дайындықтың жай-күйімен, сондай-ақ, екінші жедел мақсаттағы батальонға арналған ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бас қолбасшы бөлім аумағын аралап көріп, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
РКС: Сапар соңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесіп, жауынгерлерге атқарған адал еңбектері үшін алғысын білдірді. Ол ел ішінде тұрақтылықты сақтау, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Ұлттық ұланның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жүйелі және үйлесімді жұмыстың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ