ДИКТОР: Целиноград ауданына қарасты Қажымұқан ауылында алғаш рет қымызмұрындық мерекесі тойланды. Дәстүрлі мереке аясында 150 литр қымыз дайындалды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бұл мереке бие сауылып, сүті қорланып, ашытылғаннан кейін жиналған қымызды ақсақалдар мен көршілерге ұсыну арқылы тойланады. Мереке «қымыз көпке бұйырсын» деген тілекпен дастарқан жайылып, ақсақалдардың батасымен өтеді. Бұл дәстүр қонақжайлылықты, жомарттықты және халықтың бірлігін білдіреді. Іс-шара ән шашумен басталып, ұлттық ойындармен жалғасты.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АЛПАМЫС ӘБЕНОВ, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Іс-шара жергілікті тұрғындардың бастаумен, аудандық және жергілікті әкімдіктің қолдаумен өтіп жатыр. Аталған іс-шараның бағдарламасында концерттік бағдарлама, ұлттық спорт ойындары, тай жарыс, құнан жарыс, аламан бәйге болады. Аталған іс-шара өткізудің мақсаты – қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ежелден келе жатқан салт-дәстүрін жергілікті тұрғындардың арасында, жастардың арасында кеңінен насихаттау.

РКС: Қымызмұрындық мерекесінің тарихы тереңде жатыр. Бұрын бұл мереке Наурыз немесе Құрбан айт сынды маңызды мейрамдармен тең дәрежеде тойланған. Іс-шара барысында атшабар маңына киіз үй тігіліп, ет асылды. Келген қонақтар қымыздан ауыз тиді. Балалар арасында қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылды.

СНХ: АМАНЖОЛ ЖҮЗБАЕВ, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Қажымұқан ауылында өткізіліп жатқан үлкен шара – қымызмұрындық. Баяғы ата-бабамыздан келе жатқан осы жалғастырып жатқан ауылдың жастарына, елге, болашақ балаларға үлкен өнеге. Келешекте еліміз аман, жұртымыз тиыш болып, осындай той-думандар өтуге тілектеспін. Еліміз өркендеп, өсіп келе жатыр. Өткізіліп жатқан үлкен шараға қуаныштымыз. Бұл жастарға деген үлкен үлгі.

РКС: Қымызмұрындық – тек қымыз ішетін шара емес, бұл қазақ халқының мәдениеті мен рухани өмірінің бір көрінісі. Бүгінде бұл дәстүр ауылды жерлерде қайтадан жаңғырып келеді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.