ДИКТОР: «Бір ауыл – бір өнім». Осындай атаумен табиғи өнімдер көрмесі өтті. Шараға Ақмола облысының әр өңірінен келген қолөнершілер мен шағын кәсіп иелері өз ауылдарында өндірілетін экологиялық таза өнімдерін ұсынды. Тілшіміз баяндайды.
РКС: Көрмеге қойылған өнімнен көз сүрінеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінен бастап ағаштан ойып жасалған ыдыс-аяқ, қаймағы бұзылмаған қазақтың қолөнер бұйымдарының неше түрін осы жерден кезіктірдік. Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Мұндай іс-шаралар ауыл кәсіпкерлерінің ынтасын арттырып, жергілікті өнімдерді жалпақ жұртқа жария етуге ықпал ететін алаң іспетті.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЕРНАР ЖӘРКЕШОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекеттік бағдарлама мына «Бір ауыл-бір өнім» ұлттық конкурсы біздің облыстық деңгейде жалғасып жатыр.Бұл шара жыл сайынғы әдемі дәстүрге айналған біздің ауыл тұрғындарына, ауыл кәсіпкерлеріне арналған бір қолдау деп есептеймін. Бұл игі іс. Сондықтан да бұл конкурс арқылы әр ауыл тұрғындарының кәсіптік біліктілігін, мықтылығын көрсетуге жақсы мүмкіншілік. Сондықтан да бүгінгі шара біз үшін үлкен оқиға.
РКС: Көрменің мақсаты – ауылды жерлерде өндірілетін өнімдерді насихаттау, елдімекендердегі кәсіпкерлерге қолдау білдіру және экотуризмді дамыту. Әр қатысушы өз ауылының ерекшелігін көрсетумен қатар бір өнімнің айналасында үлкен кәсіп бастауға болатынын дәлелдеп отыр. Көрме облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылуда.
СНХ:ЕРҚАНАТ МҰСЫЛМАНБЕК, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Көрмеде қырықтан астам кәсіпкердің өнімі ұсынылып отыр. Бүгінгі іс-шараның қорытындысы бойынша 10 жартылай финалист іріктеледі. Одан соң брендкомитет солардың арасынан 3 жеңімпазды таңдайды. Сәйкесінше сол 3 жеңімпаз республикалық деңгейде Ақмола облысының намысын қорғайды. Сондай-ақ, жеңімпаздар гранттық негіздегі байқауға қатысу мүмкіндігі беріледі. 5 миллион теңгеге дейінгі гранттың операторы өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы.
РКС: Көрмені қызықтауға келгендер тек дәмнен ауыз тиіп қана қоймай, өнімнің жасалу жолдарымен де танысты. Табиғи өнімге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі соның тағы бір дәлелдеді. Ең бастысы – бұл бастама ауыл кәсіпкерлерінің дамуына жаңа серпін бермек. Ал сырмаққа деген сұраныс шетелден көп түсуде,-дейді шебер Әлия.
СНХ:ӘЛИЯ ҚАЛИАСҚАРОВА, КИІЗ БАСУ ШЕБЕРІ (ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ): Сырмағымыздың көбі 80-90 пайызы шет елге кетіп жатыр. Сұраныс сол жақтан көп болып жатыр. Және де біздің өзіміздің посольствалар Францияның елшілігі, Катардың елшілігі өздерінің келген үлкен қонақтарына сыйға шапанның орнына қазір сырмақ сыйлайды. Сондай бір жақсы тренд болып жатыр. Сырмақтың сұранысы биылдан бастап артты деп айтсам болады. Өйткені мынау ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныс үлкейіп бара жатыр. Сол үшін біз мынау жоғалып бара жатқан мұра соны жоғалмасын деп қолымызға алып, жалғастырып келе жатырмыз.
СНХ:ОҢТАЙ ЫНТЫМАҚ,АҒАШ ШЕБЕРІ: Осы барлық ыдыс-аяқтарды өзімнің шағын шеберханамда дайындаймын. Бұлар көбінде қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтар ата-бабамыздан бері қолданылып келе жатқан. Көбінде қымыз, құрт, көже, осыларға қазақтың ұлттық өнімдеріне арналған ыдыс-аяқтар. Бұлар кезінде ата-бабамыз көшіп-қонуға алып жүрген қолайлы болғандықтан, көбінде ағаш ыдыс-аяқтарменен қолданған. Әрі бұл табиғи өнім, адам денсаулығына пайдалы.
РКС: Табиғи әрі сапалы өнім – денсаулық кепілі. Ал мұндай бастамалар ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, отандық өндірістің өркендеуіне жол ашады.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ,КӨКШЕ АҚПАРАТ