ДИКТОР: Табиғи апат айтып келмейді. Осындай күтпеген сәттерде қауіптің алдын алып, оның салдарын жою жолында аянбай еңбек етіп жүрген, еңбегі көзге көрінбесе де, ерекше жауапкершілік жүктелген мамандар бар. Бұл - тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейтін жедел кезекшілер тобы. Олардың шұғыл әрі нақты әрекеті туралы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Төтенше жағдайлар департаментінің жоспарлау және жедел басқару орталығының кезекші-диспетчерлік қызметі төтенше жағдайға ден қою жүйесінің негізгі буыны. Орталық тәулік бойы облыс аумағындағы жедел жағдайды бақылап, шұғыл қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіреді. Дабыл белгілері мен азаматтардың өтініштерін қабылдайды, басшылықты жедел ақпараттандыруды және өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

СНХ: ӘДІЛ ТҮКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТ ЕТУ ОРТАЛЫҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Қазір Көкшетау қаласы мен Бурабай ауданында өрт ошақтарын ерте анықтау жүйесінің бейнебақылау камералары арқылы түтін пайда болған сәттен бастап жағдайға мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» спутниктік мониторингі арқылы қол жетуі қиын аймақтарда өрт ошақтарын уақтылы анықтап, олардың нақты координаттарын белгілеуге және жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімшелерін жедел бағыттауға мүмкіндік бар. Кәсіби әрекеттер мен үйлесімді жұмыстың арқасында әртүрлі шақыруларға жедел ден қою қамтамасыз етілуде. Ірі және резонансты төтенше жағдайлар мен оқиғалар орын алған жағдайда Орталық базасында жедел штаб құрылып, оның құрамына облыстың барлық азаматтық қорғау қызметтері - қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі, медициналық қызмет, байланыс қызметі және басқалар кіреді.

РКС: Төтенше жағдай туындаған сәтте оқиғаның салдары көп жағдайда жедел кезекшілер тобының шұғыл және үйлесімді әрекетіне байланысты. Кейде жедел кезекшінің бір сәттік шешімі адам өмірін сақтап қалуға тікелей ықпал етеді. Сондықтан бұл қызметтің жауапкершілігі зор, әрі уақытпен санаспай атқарылатын ауыр жұмыс. Жедел кезекшілер тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп, әрбір түскен дабылға дер кезінде әрекет етеді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: МИРАС МҮБӘРАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕДЕЛ КЕЗЕКШІСІ: Халықты ақпараттандыру үшін телерадио таратылым жүйесі қолданылады: телеарна арқылы хабар береміз, сондай-ақ SMS-хабарламалар мен DARMEN мобильді қосымшасы арқылы ескерту жіберіледі. Қазіргі уақытта өңірде өрт қаупі жоғары кезең жарияланған. Бұл кезеңде біз спутниктік түсірілімдер мен арнайы бақылау құралдарын қолданамыз. Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласы аумағындағы орман алқаптарына онлайн бақылау жүргізіледі - бұл түтіннің алғашқы белгілерін ерте анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өрт қаупі бар аумақтарда механикаландырылған бекеттер мен бақылау патрульдері қойылады.

РКС: Қызметкерлердің тиімді және сапалы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жан-жақты қарастырылған. Жұмыс орындары заманауи техникалық құралдармен, сондай-ақ озық бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған. Бұл - жоғары жүктеме мен төтенше жағдай кезіндегі шұғыл әрекеттерді жылдам әрі үйлесімді орындауға толық мүмкіндік береді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ