ДИКТОР: Жыл басынан бері облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары заңсыз ағаш кескендер мен браконьерлердің жолын кесті. Олар миллиондаған теңге залал келтірген. Биыл қылмыстық істер қозғалып, кейбіріне сот үкімі де шықты.
РКС: Облыстық инспекция мамандары жыл басынан бері заңсыз ағаш кесуді анықтауға қатысты 45 тексеріс жүргізді. Рейдтік шаралардың барысында 75 әкімшілік хаттама толтырылды. Мәселен, «Ақкөл орман шаруашылығы мекемесіне» қарасты Мұншақты орман шаруашылығының аумағында жауапты тұлғалар 300-ден астам қайың мен 120-ға тарта көктеректің заңсыз кесілгенін анықтады. Келтірілген шығын 240 мың теңгеден асады. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
СНХ: АРМАН ТҰРЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің инпекция тарапынан табиғатты қорғау заңнамаларын сақтауға қатысты тұрақты түрде бақылау жүргізіліп отырады. Жыл басынан бері заңсыз ағаш кесудің 7 дерегі анықталды. 75 текше метр ағаш оталған. Келтірілген шығын 823 мың теңге.
РКС: Облыс аумағында 12 миллион гектардан астам аумақ аңшылық алқапты алып жатыр. Оның басым бөлігінде орман шаруашылықтары жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мамандар онда да заңсыздықтарды анықтады.
СНХ: АРМАН ТҰРЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру аясында құқық қорғау органдарымен, жедел әрекет ету топтарымен бірлесіп, браконьерлік пен жануарлар дүниесін қорғауға бағытталған рейдтер тұрақты түрде өткізіледі. Бұдан бөлек жыл басынан бері жануарлар дүниесіне байланысты 13 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның бесеуінде 137 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Ақмола облысы бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды. Оның бесеуі Қылмыстық Кодекстің 337-ші бабына сәйкес заңсыз аңшылыққа, біреуі 339-бабына сәйкес өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысуына қатысты қозғалды.
РКС: Үш браконьер жабайы аңдарды заңсыз аулағаны үшін сотталды. Сот оларға түрлі жаза мерзімін тағайындады. Төрт қару тәркіленді. Браконьерлікпен күрес алдағы уақытта да жалғаса бермек.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ