ДИКТОР: Қосшы қаласы қарқынды даму кезеңінде. Биыл елордаға іргелес елдімекен тұрғындары үшін Республика көшесінің бойындағы сквер мен «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылысы қолданысқа берілмек. Қала күні қарсаңында салтанатты түрде тапсырылады деген жоспар бар. Облыс әкімі Марат Ахметжанов атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

РКС: Республика көшесінің шығыс жағындағы Алтай көшесі мен Қарқаралы тас жолының аралығындағы бөлікті абаттандыру жұмыстары қаланың 4 жылдығы қарсаңында аяқталады деп жоспарлануда. Жобаны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «СК Арнау Сервис» серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Аумақты абаттандыруға демалыс аймағын ұйымдастыру, көгалдандыру, газон мен ағаш отырғызу және басқа да жұмыстар кіреді. Облыс әкімі Марат Ахметжанов шұғыл әрекет сапаға кері әсер етпеуі керек екенін атап өтті.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Кей кездері біз бетін жылтыратып қойып, сапаны естен шығарып жатамыз. Сондықтан бірінші кезекте сапа мен мерзімге басымдық берілуі шарт. Тәжірибе жоқ деп айта алмаймын. Жақында ғана облыс орталығында жаңа жағалауды қолданысқа бердік. Енді «Көк шалғын» жобасы қолға алынып жатыр. Қажет болса келіп көріңіздер. Қосшы – жас қала. Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған алғашқы шаһар. Сондықтан тұрғындарға жайлы әрі жақсы жағдай жасалуы тиіс. Қала күніне орай жақсы сыйлық болуы керек. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қосшыда мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылады.

РКС: Жауаптылар жоба заманауи талаптарға және жайлы қалалық ортаның стандарттарына сай жүзеге асырылатынын атап өтті.

СНХ: ДАНИЯР ЖЕКСЕНБИНОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазір өз қаражатымыздың есебінен еңіс жерлерге топырақ төсеу жұмыстарын жүргіздік. Алдағы 2-3 күн ішінде бұл жұмыстарды толық аяқтап, негізгі кезеңге көшуді жоспарлап отырмыз. Республика көшесінің шығыс бөлігіндегі төсеу жұмыстарын аяқтадық, бүгіннен бастап батыс бөлігіне көштік. Жақын арада брусчатка төселіп, ағаштар, көгал және көшеттер отырғызылып, бұл аумақ толықтай абаттандырылады. Қазір шамамен 20 техника жұмылдырылған.

РКС: Одан соң облыс әкімі «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен танысты. Бұл кешенде 543 пәтерді кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланған. Қала күніне қарай көптен күткен пәтер кілті 103 үлескерге табысталмақ. Олар бұл сәтті 10 жылдан астам күтіп жүр.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.