ДИКТОР: Ана мен баланы қорғау кез келген мемлекеттің ішкі саясатының басым бағыты екені даусыз. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде, Орталық Азия аумағында және Қазақстанда да ана мен баланы қорғау саласында реформалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуалға ерекше басымдық беріп келеді. Көкшетаудағы перинаталдық орталықта күн сайын ондаған ана мамандардың бақылауымен босанады. Ал орталықтың басты миссиясы – ана мен баланың саулығын сақтау. Тілшіміз Нұрсәуле Мұратқызы баяндайды.
РКС: Мұнда жүктіліктің алғашқы айларынан бастап босанғанға дейінгі кезең толық бақылауда. Дәрігерлер ана денсаулығына ерекше назар аударады. Басты мақсат – әрбір ананың баласын аман-есен дүниеге әкелуіне жағдай жасау. Дәрігерлер осылай дейді. Былтыр 21 егіз дүниеге келіпті. Ал биыл жыл басынан бері 16 егіз дүниеге есігін ашқан. Өкінішке қарай сәбилердің шетінеуі алаңдатып отыр. Былтыр 7 шақалақ шетінесе, биыл бұл көрсеткіш 13-ке жеткен.
СНХ:ВИКТОРИЯ КЛИМКИНА, ЖАС АНА (СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ): Жасым 21-де. Екінші баламды дүниеге әкелдім. Ковыльный ауылынан толғақпен келдім. Медбикелер мені бірден қабылдады.Баламды аман-есен бауырыма алдым. Бәрі жақсы.Медбикелер мейірімді. Қашан да қолдайды. Түсінбеген жерімде бағыт-бағдар беріп жіберді. Жедел медициналық көмек көрсетіп қабылдағандары үшін мейірбикелерге рахметімді айтамын.
СНХ:ЖАНЕЛЬ ТЕЛБЕКОВА, ЖАС АНА (КӨКШЕТАУ): Сәбиім үшінші балам болады.Қыз. Бізде бәрі жақсы денсаулығымыз. Енді алла жазса осы бүгін перинаталдық орталықтан үйге шығайық деп жатырмыз. Осы орталықтың бүкіл дәрігерлері мен медициналық қызметкерлеріне алғысым шексіз. Рахмет деп айтамыз.
РКС: Шала туған немесе салмағы төмен сәбилер үшін арнайы неонаталдық бөлімше бар. Мұнда нәрестелерге тәулік бойы күтім мен қажетті көмек беріледі. Перинаталдық орталық тек медициналық емес, психологиялық қолдау да көрсетеді. Аналарға арнайы тренингтер де ұйымдастырылады.
СНХ: АЙГУЛЬ МАХАНОВА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ: Келер жылы акушер болып істеп жүргеніме 50 жыл болады. Дәрігер акушер-гинеколог, сарапшы дәрігермін. Бізде консультативтік-диагностикалық бөлім бар. Бұл жерде орта деңгейдегі немесе жоғары тәуекел тобындағы қауіп факторлары бар жүкті әйелдер тексеріледі. Сондай-ақ осы жерде бір күндік клиника да ашылды. Яғни 11-ден 14 аптаға дейінгі аралықтағы жүктілік кезеңіндегі әйел ультрадыбыстық скринингтен өтеді.
РКС: Жыл сайын мыңдаған сәби осы орталықта өмірге келеді. Ана мен бала саулығы – қоғамның болашағы. Ал перинаталдық орталық – осы болашақтың алғашқы қадамын сенімді ететін орын.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ