ДИКТОР: Бурабайда «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан инклюзивті «Sheksiz Mumkyndikter» лагерінің екінші маусымы аяқталды. Лагерьдің жабылу салтанатына еліміздің әр өңірінен келген ерекше қажеттіліктері бар 50 бала және олардың ата-аналары қатысты.

РКС: Жоба жаз маусымында 250 баланы қамтуды көздейді. Әр ауысым алты күнге созылады. Оған 50 баладан қабылдайды. Бағдарлама аясында балалар бейімделген спорт түрлерінен - бочча, тетербол, футбол, корнхол және садақ атудан жаттығулар өткізіп, сондай-ақ робототехника, гипс және балауыздан бұйым жасау, аспаздық, бейнелеу өнері бойынша шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысты.

СНХ: ДОСБОЛ КӨШЕРБАЕВ, «SAMRUK-KAZYNA TRUST» ҚОРЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Еліміздің әрбір аймағынан келгендеріңізге, қатысуларыңызға көп-көп рахмет. Балаларыңызға, өздеріңізге өте пайдалы өткеніне сенімдіміз. Мәжіліс депутаты, облыс депутаттары қатысып отыр. Келіп қолдағандарыңызға көп рахмет. Осы лагерьдің ұйымдастырушылары Зәуре мен Асан сіздерге алғысымыз зор. Сіздердің идеяларыңызға сәйкес осы лагерь 3 жыл іске асырылып келеді.

СНХ: ЯНА АРЗЯЕВА, ДЕМАЛУШЫ: Мен бұрын-соңды арбада отырып футбол ойнағанды көрмеппін. Бұл мен үшін өмірімдегі керемет көріністердің бірі болып қала бермек. Мұнда өте қызықты болды. Әр күн өзінше ерекше. Бірегей бағдарламалар. Мотивация. Дәмді тағам. Қызықты ойындар. Керемет волонтерлар. Керемет балалар. Мен ән айтқанды жақсы көремін. Мен мұнда таланттар шоуында ән айттым. Сахнада, қалың көрерменнің алдында ән айтуды көптен армандадым. Мұның бәрі біздің лагерьдің арқасында орйндалды. Бұл менің үлкен сахнаға бірінші рет шығуым еді. Бұл менің шығармашылықтағы дебютім болды.

РКС: Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті лагерь – ата-аналар үшін маңызды әрі өзекті бастама. Олардың айтуынша, еліміздегі көптеген дәстүрлі лагерьлер мен сауықтыру орындарында ерекше балаларға қолайлы инфрақұрылым қарастырылмаған. Осыған орай, «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «ДЦП life» қоры бірлесіп, Қазақстанда баламасы жоқ арнайы лагерь тұжырымдамасын әзірледі. Әрбір элементі қатысушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімделген бұл жоба – елдегі алғашқы инклюзивті лагерь. Жоба үшінші жыл қатарынан сәтті жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде лагерь 700-ге жуық ерекше баланы қамтыған.

СНХ: СНХ: ЗӘУРЕ ИТЕНОВА, «ДЦП Life» ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Мен өзім ерекше баланың анасымын. Қызым 16 жаста. Диагнозы ДЦП. Коляскада отырады. Өзім сондай баланы тәрбиелеп отырғандықтан, менің байқағаным, осы ерекше қажеттіліктері бар балаларға осындай жазғы лагерьлар жоқтың қасы екен. Соны байқаған кезде, біз өзіміз выездной тур ұйымдастырдық. Ең бірінші 10 балаға, содан кейін, 20 балаға. Содан кейін көптеген сұраныстар келе бастады. Кейін, «Samruk-KazynaTrust» қорына проект жазған кезде, жобамызды қолдап, міне 3 жылдан бері, олардың қаржылық қолдауымен лагерь өткізіп жатырмыз. Біз әдетте Алматының баурайындағы Қаппшағайда өткізетінбіз, биыл біз бірінші рет Бурабай аймағында осы маусымды өткізіп отырмыз. Өте керемет жер. Керемет орын.

СНХ: ЖӘНИЯ БЕКТҰРҒАНОВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ: Лагерь керемет өтті. 5 күн ішінде біз ата-аналар ішкі жан дүниесін жақсартып, балалар бір-бірімен достасып, сөйлемеген балалар сөйлеп кетті. Ешкіммен ойнамаған, балалармен араласпаған балалалар достарын тауып, бірге ойнап, бірге сайыстарға дайындалып, жаңа ойын түрлерін көрді. Тек балалалар ғана емсе, ата-аналарда көп нәрсеге үйрендік. Ата-аналарға арнап, мастер-класстар болды. Қызымның ғана емес, менің де лагерьге алғаш келуім. Лагерьге кішкентайымнан бармағанмын. Лагерь қалай өтетінін енді ғана көріп тұрмын.

РКС: Айта кетейік, лагерьдің алғашқы маусымы Алматы облысының Қонаев қаласында өткен. Жаздың соңына дейін спорттық және шығармашылық форматтарды кезектестіре отырып, тағы үш ауысым өткізу жоспарланып отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ