ДИКТОР: Жаз мезгілінде, әсіресе балалар арасында тамақтан улану өзекті мәселенің біріне айналады. Былтыр Қазақстанда жаппай уланудың 18 жағдайы тіркелген. Зардап шеккендердің саны жеті жүзден асты. Дені – балалар. Өңірдегі жағдай қандай? Тілші баяндасын.

РКС: Тамақтан улану - тағамды дайындау мен сақтау кезінде санитарлық талаптардың сақталмауынан туындайтын жедел жұқпалы аурулар. Ерекше қауіп тобына балалар жатады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректеріне сәйкес, 2022 жылдан бері өңірде жаппай уланудың 8 жағдайы тіркелген.

СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 2022 жылы Бурабай ауданында тамақтан уланудың екі жағдайы тіркелді. 2023 жылы үш жағдай орын алды - Бурабай ауданында және Көкшетау қаласында. Ал былтыр шамамен 34 адам зардап шекті. Бұл жағдайлар Бурабай ауданында және Қосшы қаласында тіркелді: екеуі - Бурабайда, біреуі - Қосшыда. Айта кету керек, зардап шеккендердің көпшілігі балалар. Мысалы, өткен жылы уланғандар негізінен 14 жасқа дейінгі балалар болды. Олар түрлі іс-шараларға, жазғы сауықтыру демалысына немесе спорттық шараларға қатысуға барғандар. Демалысты ұйымдастырған бұл нысандардың тиісті рұқсат құжаттары болмаған.

РКС: Мамырда Бурабай ауданында жаппай тамақтан улану жағдайы тіркелді. 18 бала зардап шекті. Төрт бала «вирусты энтерит» диагнозымен Көкшетау қаласындағы жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Тамақтан уланудың алдын алу мақсатында Департамент ауқымды ақпараттық науқан жүргізіп жатыр. 260-тан астам дәріс, мыңға жуық әңгімелесу, ондаған тікелей эфир мен семинар ұйымдастырылды.

СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Біз тамақтан уланудың алдын алу бойынша тікелей эфирлерді тұрақты түрде өткіземіз. Қазір далаға шығу, демалыс, пикник маусымы басталатын уақыт. Сол себепті біз эфир барысында қандай талаптарды сақтау керектігін, қандай өнімдерді пайдалануға болатынын түсіндіреміз. Мысалы, егер сіз қала сыртына шықсаңыз, өзіңізді қауіпсіздендіру үшін алдын ала дайындалу қажет. Көкөністер мен жемістерді үйде мұқият жуып дайындаған жөн, өйткені дұрыс өңделмеген өнімдер сіздің демалысыңызды бұзуы мүмкін. Сонымен қатар, тоңазытқыш жабдығын, термоконтейнерлерді немесе жоғары температурада ұзақ сақталатын өнімдерді алған дұрыс.

РКС: Қазір өңірде балаларды сауықтыратын 6 орталық ресми түрде қызметін жүргізуге рұқсат құжатын алды. Олардың қатарына Ақкөл, Зеренді және Бурабай аудандарындағы лагерьлер кіреді. Департаменттің ресми сайтында «Балалардың жазғы демалысы» атты арнайы бөлім ашылды. Онда санитарлық талаптар мен ата-аналарға және ұйымдастырушыларға қажетті ақпарат жарияланып отырады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ