ДИКТОР: Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Тұран өркениетінің асыл мұрасы» атты түркі жазуы күніне арналған конференция өтті. Шараның мақсаты тамырлас халықтардың тарихына үңіліп, олардың арасындағы ынтымақ пен бірлік, достық пен ауызбіршілікті нығайту. Конференцияға Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің танымал зерттеуші ғалымдары, жергілікті білім ордаларының ғалымдары, тарих пәнінің мұғалімдері қатысты.
РКС: Конференцияның тізгінін тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев ұстады. Шараның ашылу салтанаты ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың құттықтау сөзінен басталды. Жазу — көне түркі бабаларымыздан қалған аманат. VI ғасырдан бастап Еуразия кеңістігінен табылған Орхон-Енисей жазулары — түркінің мәңгілік рухын танытатын таңба. Тіптен көрмеге ұсынылған көне жәдігерлер осы аманаттан сыр шертіп тұрды. Ең көне әрі ең құнды жазбалар — Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштері. Бұл жазуларда тек ел тарихы ғана емес, елге аманат еткен ой жатыр.
СНХ: ТҰРСЫНХАН ЗӘКЕНҰЛЫ, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ: Күлтегін ескерткіші 19 ғасырдан бастап зерттелген.Оған әр елдің ғалымдары зерттеу жүргізген. Мұнда 2 мәтін бар. біріншісі қытайша, 3 беті түрікше. Негізгісі сол түрікше мәтін. Қытайшасы оған қосымша ретінде. Сондықтан бұл мәтіндер қазірге дейін, әсіресе түркі мәтіні мынау тіл ғылымы тұрғысынан зерттелді.Оның тілдік ерекшеліктері,грамматикасы, сөйлем құрылысы, сөздік қоры талдап, екшеліп бүгінге дейін бүгінгі күні мәтіннің толық мазмұны шықты. Күлтегін ескерткішінде 68 жол бар. Осы 68 жолды бірден тарихи деректермен салыстырып отырып, осында не айтылғандығын тарихи тұрғыдан қарап, зерттеп шықтым. Министрлік оңды бағалап,осыған Күлтегін сыйлығын берген.
РКС: Көне жазба тарихы— бір адамның емес, тұтас бір ұлттың ұмтылысы мен мұратының көрінісі. Көне түркі жазуы 38 таңбадан тұрады. Бұл — дыбыстық жазу жүйесі. Жазу бағыты – оңнан солға қарай. Бұл таңбалар өз заманының озық үлгісі болды. Ғалымдардың айтуынша, бұл жазулар — тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мемлекет идеологиясының да жаршысы болған. Тарих қойнауынан сыр шертетін көне түркі жазуы — бабаларымыздың мәдениеті мен өркениетінің жарқын айғағы. Бұл жазу жүйесі шамамен VI–VIII ғасырларда қалыптасып, Еуразия кеңістігін мекендеген түркі халықтарының рухани және саяси өмірінде үлкен рөл атқарды. Көне түркі жазуы — ғылымда "Орхон-Енисей жазуы" немесе "руникалық жазу" деп те аталады. Алғашқы үлгілері Моңғолия мен Сібір өңірінен табылған бұл жазулар тасқа қашалып, ғасырлар бойы сақталып келді.
СНХ: ТАЛҒАТ МОЛДАБАЙҰЛЫ, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮРКІТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОЦЕНТІ: Жалпы жазу адамзат мәдениетінің ең үлкен жетістігі. Қазіргі барлық ғылым саласы осы жазуға қарыздар.Себебі осы жазу арқылы, жазылудың ойлап табылуы арқылы қатталып, қазіргі ғылыми жетістікке сол арқылы жетіп жатыр. Ал әлемде өз жазуы бар, төл жазуы бар мәдениеттер саусақпен санарлықтай аз. Солардың бірі біздің ата-бабаларымыз жасап кеткен көне Түркі, Бітіг жазуы. Бұл Бітіг жазуы көне Түркі өркениетінің бір үлкен жетістігі деп айтуға болады. Және сонау тас дәуіріне дейін баратын суретті жазулардан бастау алады.
РКС: Бүгінде көне түркі жазуы — түркология ғылымының басты зерттеу нысандарының бірі. Түркі халықтарының тарихи жады мен бірегейлігін тануда бұл жазудың орны ерекше. Тасқа таңбаланған сөздер — өткеннің үні. Білге қағанның сөзімен айтсақ, өткенін таныған ел — болашағын баянды ете алады.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ