ДИКТОР: Елімізде биыл 1 тамызда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Санақ онлайн және оффлайн бөліктен тұрады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктерде және аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады.
РКС: Онлайн санақ sanaq.gov.kz сайтында тамыздың 1 мен 31 аралығында өтеді. Онда барлық заңды тұлғалар, фермерлер мен шаруа қожалықтары сауалнамадан өз бетінше өтуі керек. Ал оффлайн санақ 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарын аралап шығады.
СНХ: РАСУЛ ЕРҒАЛИЕВ, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық ұсынымдарына сәйкес ауыл шаруашылығы санағы әр он жыл сайын жүргізілуі тиіс. Бірақ Қазақстанда мұндай санақ 2006-2007 жылдары жүргізілген. Осы аралықта үзіліс болды. Кейін ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде – егін шаруашылығы және мал шаруашылығы бөлек жүргізілді. 2025 жылы барлығы бір кезеңде орындалатын болады.
РКС: Ақмола облысы бойынша ауыл шаруашылығы санағы шамамен 146 мың үй және 9 мың ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамтиды деп жоспарлануда. Санақ кезеңінде жеке учаскесі, бақшасы, өзі үшін дақыл егетін немесе төрт түлік, құс ұстайтындардың барлығы қамтылмақ. Сауалнамада жер және егіс алқаптарына, мал басына, ауыл шаруашылығы техникасына және инфрақұрылымға байланысты сұрақтар болады. Ақмола облысы бойынша санаққа 230-дан аса интервьюер тарту жоспарланған.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛ, КӨКШЕ АҚПАРАТ