ДИКТОР: Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқытушылар арасындағы облыстық байқау өткізілді. Тілдерді оқыту орталықтарының авторлық бағдарламалары, ересектерге қазақ тілін тиімді үйрету әдістемелері бар оқытушыларды ынталандыру, қолдау және марапаттауға арналған шараға қатысып қайтқан тілшіміз баяндайды.
РКС: Аталған байқауға қатысуға 13 оқытушы өтінім берген. ІІІ кезеңге бөлінген сайыстың алғашқысында «Қазақ тілі сабағында заманауи технологияларды тиімді пайдалану» атты сабақ презентацияларын қорғаса, екінші кезеңде қатысушылар ұяшықтар таңдап, теориялық сұрақтарға жауап берді. Соңғы кезеңде оқытушылар өзге этнос өкілдерінен тұратын сынама топқа сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша практикалық тапсырмалар орындатты. Қазақ тілін үйрету – тек грамматиканы оқыту емес. Бұл – жүректен жүрекке жол тартатын, ұлттың рухын оятатын қасиетті миссия. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдеріміздің кәсіби шеберлігін айқындайтын ерекше байқау болды.
СНХ: РАМАЗАН БАУЫРЖАН, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Ұлттың ұлт болып қалыптасуына, тілдің тіл болып қалыптасуына еңбек сіңірген ол Ақаңдар, Ақаңның замандастары. Біздің тілдің, мәдениеттің өркендеуіне үлес қосқан Ақаңдардың атындағы байқаудың болуы, біздің Көкшетауда болуының өзі біз үшін өте қуанышты, біз үшін өте мәртебелі деп ойлаймын. Сондықтан бүгін облыстық кезеңнің алғашқы кезеңіне қатысып шықтым. Енді әрі қарай көреміз. Сәттілік болатын болса республикаға барамыз.
РКС: Мұнда ұстаздар қазақ тілін үйретудегі озық әдіс-тәсілдерін ортаға салып, заманауи педагогиканың жаңашыл қырларын көрсетті. Сабақ беру тәсілінен бастап, коммуникативті дағдыларды дамытуға дейінгі барлық кезең қазылар алқасының назарында болды. Байқауға қатысушылар мұғалім ғана емес, тіл тағдырына жанашыр, ұлт болашағының темірқазығы десек артық болмас.
СНХ: БОТА ДОСМАҒАНБЕТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Бұл байқаудың маңызы зор деп ойлаймын. Себебі, бір-бірімізбен тәжірибемен алмасамыз. Мүмкін бір-бірімізден үйренетін тәжірибелер болатын шығар. Жаңа дағдыларды және қандай да бір жаңа қолдануға болатын мүмкін платформаларды білуімізге болады.Мұндай байқаулар әрине кез-келген маман иесінің өзінің кәсіби жағынан шыңдайды деп ойлаймын.және де барлық тыңдаушыларға, қатысушыларға сәттілік тілеймін.
РКС: Сұрақтарға дәл әрі тұжырымды жауап беру – байқау талаптарының бірі болды. Мұғалімнің тапқырлығы, логикалық ойлауы мен тілдік қоры – әдістемелік шеберлікпен қатар бағаланды. Байқау жеңімпазы алдағы уақытта республикада өңір намысын қорғайды. Бұл байқау ұстаз беделін көтеруге, олардың үздік тәжірибесін кеңінен таратуға бағытталған маңызды қадам. Себебі тілді үйрету – елдігімізді сақтау! Мұғалім — ұлттың жүрегі. Ал жүрек соғып тұрған жерде тіл де, рух та өлмейді.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ