ДИКТОР: Аршалы ауданы биылғы су тасқыны маусымын аяқтады. Су бұру арналарының тазартылуы, бөгеттердің нығайтылуы және еріген қар суының деңгейін тұрақты бақылау сияқты алдын алу шараларының арқасында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың су басуына жол берілмеді. Аудан әкімімен өткен кездесуде әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері де талқыланды.

РКС: Бірқатар елді мекендерде, соның ішінде Жібек жолы ауылында жер асты суларының көтерілуі байқалды. Салдарын жою бағытында 160 мың текше метрдей су сорылып, 20 мың текше метрден астамы ассенизаторлық көліктермен шығарылды, 2 300 тонна инертті материал жеткізілді. Сонымен қатар, ауданда көктемгі егіс жұмыстары жалғасып жатыр.

СНХ: ДОСТАНБЕК ЕСЖАНОВ, АРШАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Ауданда көктемгі егіс науқаны қалыпты режимде басталды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым, жанармай және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Биыл барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының жаздық егіс көлемі 206 мың гектарды құрайды. Бүгінде көктемгі дала жұмыстарының шамамен 92 проценті орындалды.

РКС: «Кең дала» бағдарламасы аясында ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен 3 миллиард теңгеден асатын сомаға 6 өтінім түсті, ссоның 5-еуі қаржыландырылды. Ал форвардтық сатып алу аясында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясында тағы 211 миллион теңге көлеміндегі 5 өтінім қаралып жатыр.

СНХ: ДОСТАНБЕК ЕСЖАНОВ, АРШАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 3 461 тонна жанар-жағармай бөлінді. Есепті күнге сүт, ет және жұмыртқа өндірісі көлемінің артқаны байқалады. Аршалы ауданында ірі қара мал, сиыр, жылқы, қой мен ешкі басының саны көбейді.

РКС: Аудан инфрақұрылымын дамыту - басым бағыттардың бірі. Мәселен, Жібек жолы ауылында 54 шақырым су құбыры желісі салынып, пайдалануға берілді. Сорғы станциясының құрылысы аяқталды. Электрмен жабдықтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Новоалександровка» қосалқы станциясы қайта жаңғыртылып жатыр. Осындай жұмыстар Жалтыркөл ауылында да жүзеге асырылуда. Ауданда газдандыру жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде 2 474 абонентті қамтитын 17 елді мекен газға қосылды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, КӨКШЕ АҚПАРАТ