ДИКТОР: Бүгін қалалық балалар және жасөспірімдер орталық үлгілі кітапханасының ұйымдастыруымен «Әдебиет әлеміндегі демалыс» атты ашық аспан астындағы Open Air өтті. Әдебиет пен ойын-сауықты тоғыстырған бұл шара балаларға шаттық сыйлап, жазғы демалыстарын мазмұнды өткізуге бағытталды.
РКС: Кітапхана алаңына жиналған балалар мен жасөспірімдер үшін мамандар түрлі қызықты ойындар, викториналар ұйымдастырып, қатысушылар өз білімдерін көрсетті. Шара барысында балалар көңілді билер билеп, ән шырқап, ерекше атмосферада демалды. Мерекелік көңіл күйді одан әрі арттырған - ертегі кейіпкерлері. Олар балалармен бірге ойнап, әдеби кейіпкерлер әлеміне саяхат жасады.
СНХ: АЙША ӨМІРЖАНОВА, №16 МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Көкшетауда кітапханалар желісі іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Бұл жерде ертегі кейіпкерлері болды. Көп ойындар өтіп жатыр.
СНХ: МӘЛИКА АЙҒОЖА, №6 МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Біз бүгін өте қуаныштымыз. Кітапханашылар бізге осындай мереке ұйымдастырып жатыр. Өте көңілді болып жатыр. мұнда бәрі ойнап, билеп жатыр. Ұйымдастырушыларға мың алғыс.
РКС: Мерекелік алаңға арнайы шақырылған балалар жазушылары Серік Жетпісқалиев, Қайырбай Төреғожа және Альбина Байковская балаларды мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Олар оқырман балалармен жүздесіп, шығармашылық туралы әңгімелесті.
СНХ: АЛЬБИНА БАЙКОВСКАЯ, БАЛАЛАР ЖАЗУШЫСЫ: Осы тамаша, шуақты әрі жылы күні барша балаларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қазір балалар еркін ойлайтын, шығармашыл ұрпақ. Біздің балалар өте талантты - ән салып, би билейді, өнерге құштар. Өмірдің өзі оларға шабыт береді.
РКС: Шара соңында барлық қатысушы балаларға ерекше көңіл-күй сыйлау мақсатында тегін тәттілер мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл жағымды сәт балалардың жүзінде шаттық күлкі сыйлап, мерекелік күннің жарқын естелігіне айналды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ