ДИКТОР Жыл сайын 26 маусым Халықаралық есірткіге қарсы күрес күні аталып өтіледі. Атаулы дата қарсаңында аймақта есірткіге қарсы айлық басталды. Бұл шара жастар арасында есірткінің алдын алуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Бір ай бойы облыс аумағында 100-ден астам түрлі профилактикалық шаралар өткізу жоспарланған.
РКС: Жыл басынан бері облыс аумағында 136 заң бұзушылық фактісі анықталды. Оның 56 жағдайында тыйым салынған заттар сатылған. Аса ірі мөлшерде есірткіні сақтаудың 1 дерегі тіркелген. Есірткі заттарын насихаттап, заңсыз жарнамалаудың 3 дерегі әшкереленді. Бұдан бөлек, есірткіні заңсыз айналымға енгізуге қатысты 72 қылмыстық әрекет анықталды.
СНХ: ДУМАН САБЫРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Осыдан 2 күн бұрын синтетикалық есіртікі дайындайтын зертхана жұмысы әшкереленді. Қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер Көкшетаудағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жыл басынан бері полицейлер 88 келіден астам түрлі есірткі тәркіледі. Сонымен бірге 6,5 келісі синтетика, 5 келіден астам гашиш және 7 келі марихуана. Сондай-ақ 10 литрден астам прекурсор алынды.
РКС: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 275 миллион адам психобелсенді заттарды тұтынады. Қазақстанда дипансерлік есепте тұрғандардың саны 18 мыңнан асады. Олар есірткі заттарынан «тәуелділік синдромына» шалдыққандар. Ақмола өңірі бойынша 400 адам облыстық психикалық емдеу орталығының есебінде тұр.
СНХ: АЛЕКСАНДР ВЫСОЦКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Осыдан екі жыл бұрын бізде тіркеуде жасөспірімдер жоқ еді. Өкінішке орай, былтыр 2 жасөспірім қыз орталыққа жатқызылып, есепке қойылды. Бұл жасөспірімдердің өтпелі кезеңі. Балалар арасында сырқат байқалған жоқ.
РКС: Аймақта жастар мен жасөспірімдермен жұмысқа ерекше басымдық беріліп отыр. Олар ең әлжуаз топқа жатады. Есірткіге қарсы күрес айлығының аясында студенттер мен жастардың, оқушылардың арасында интерактивті тренингтер, әңгімелер өткізіліп, дәрістер оқылады. Акциялар, флеш-мобтар мен спорттық шаралар да ұйымдастыру көзделген. Ұйымдастырушылар өскелең ұрпақты белсенді, сау әрі саналы өмірге бейімдеуді көздейді.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.