ДИКТОР: Елімізде қаңтардың 1-інен бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексі арнайы салық режимін оңтайландырды. Енді қазақстандықтар үшін оның 3 түрі қолжетімді. Ол - өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған тәртіп, жеңілдетілген декларация және шаруа қожалықтарына арналған арнайы режим. Кәсіпкерлер ақпанның 28-іне дейін мемлекеттік кірістер органдарына тиісті хабарлама жолдап, өзіне тиімді салық режимін таңдауы қажет. Әйтпесе, 1-ші наурыздан бастап жеке кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне көшіріледі. Тілшіміз жалғастырады.
РКС: Былтыр қарашада Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режиміне кіретін қызмет түрлерінің тізімін бекітті. Бұл тізімде такси, дайын тағам жеткізу, курьерлік қызмет, шаштараз және 40-қа жуық өзге де тұрмыстық қызмет түрі бар. Бұл режимді жеке тұлғалар пайдалана алады. Яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Алайда, жалдамалы жұмысшыларды тартуға тыйым салынады. Ай сайынғы табыс көлемі 1 миллион 300 мың теңгеден аспаса болғаны. Егер бұл талаптың барлығы сақталса, азаматтар жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Ал ол үшін ақпанның 28-іне дейін жеке кәсіпкер ретіндегі тіркеуден шығуы керек. Ендігі арнайы режим –жеңілдетілген декларация болмақ.
СНХ: НАЗГҮЛ АЮПОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Арнайы салық режимін барлық салық төлеушілер қолдана алады. Бұл режим бойынша жылдық шекті табыс 600 мың айлық есептік көрсеткіш. Яғни, шамамен 2,6 миллиард теңге. Сонымен қатар, жалдамалы қызметкерлер санына шектеу қойылмайды. Егер бұрын белгілі бір лимит болса, қазір кәсіпкер кез-келген мөлшерде жұмысшы жалдай алады. Тек Үкімет қаулысымен тыйым салынған қызмет түрлеріне бұл режим қолданылмайды.
РКС: Айта кетейік, жергілікті мәслихат «жеңілдетілген» режим бойынша табыс салығының мөлшерлемесін төмендетуге құқылы. Аймақ аудандарының басым бөлігі үшін бұл көрсеткіш биыл 2 процентке тең. Ал қала тұрғындары үшін 3 процент болса, Жақсы ауданында - 4 процент. Сондай-ақ бұл режимді қолданатын кәсіпкерлер қосылған құн салығынан және әлеуметтік салықтан босатылады. Аталған режимге көшу туралы хабарлама наурыздың 1-іне дейін жолдануы тиіс. Ал шаруа қожалықтарына арналған арнайы режим бұрынғы тәртіппен сақталады. Қолдану шарттары мен салық мөлшерлемелері өзгеріссіз.
СНХ: НАЗГҮЛ АЮПОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Бұл режимді қолданудың басты талабы - жер учаскесі болуы тиіс. Оның көлемі заңда белгіленген шекті мөлшерден аспауы керек. Облысы бойынша бұл көрсеткіш 3500 гектардан жоғары болмауы тиіс. Аталған режимді қолданатын тұлғалар жер салығы, жерді пайдаланғаны үшін төлемнен, көлік құралдары салығынан, ауыл шаруашылығы қызметінде пайдаланылатын мүлік салығынан, қосылған құн салығы, әлеуметтік салық және қоршаған ортаға теріс әсері үшін төлемдерден босатылады. Алайда бұл жеңілдіктер тек ауыл шаруашылығы қызметіне қатысты қолданылады.
РКС: Кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп пен салық есептілігі мәселелері бойынша тегін кеңес ала алады. Қаңтардың 5-інен бастап елімізде «Халық бухгалтері» акциясы басталды. Оның аясында мамандар қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасында бизнес өкілдерін қабылдап жатыр. Сондай-ақ, телефон және бейнеқоңырау арқылы да кеңес беріледі. Жыл басынан бері 300-ден астам кеңес берілді. Акция маусымның 30-ына дейін жалғасады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ