ДИКТОР: Көкшетауда алғаш рет мектеп оқушылары арасында блокчейн технологиясы бойынша қалалық викторина өтті. 17 мектептің жоғары сынып оқушылары заманауи технология саласындағы үздік білімпаз атану үшін өзара бақ сынасты. Қатысушылар арнайы платформа арқылы сұрақтарға жауап берді. Шара ғылымдар онкүндігі аясында ұйымдастырылып отыр.

РКС: Максим Потапченко №6 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы. Ол IT-технологиялар саласына ерте қызығушылық танытып, заманауи бағыттарды терең меңгеріп келеді. Былтыр Максим жаратылыстану-математикалық бағытындағы «Зерде» республикалық ғылыми-зерттеу жобалар байқауында жүлделі үшінші орынды иеленді. Блокчейн технологиясы бойынша алған білімі оның авторлық жобасын сәтті жүзеге асыруына негіз болды.

СНХ: МАКСИМ ПОТАПЧЕНКО, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Мен блокчейнге бұрыннан қызығамын. Компьютерлерге әуестенген сәттен бастап, осы технологияны тереңірек зерттеуге кірістім. Блокчейн ерекше шабыттандырды. Себебі ол – цифрлық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Бұл технология Қазақстанда цифрлық шығармашылықты барлық бағытта дамытуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Блокчейн – қазіргі заман үшін аса маңызды әрі өзекті технология. Ол бірнеше бағытқа бөлініп, біздің дамуымызға ықпал етеді. Осы тақырып аясында менің бірнеше жобам болды. Атап айтқанда, тізбектерді құру, байланыстарды логтау үдерістерін зерттедім. Сонымен қатар, блокчейн технологиясы қолданылған математикалық ойжұмбаққа негізделген жобам да бар.

РКС: Ал Өміртай Жаманқарин биыл мектеп бітіреді. Ол болашағын IT саласымен байланыстырып, заманауи технологиялар бағытында кәсіби деңгейде дамуды көздеп отыр. Бірнеше жыл бұрын блокчейн технологиясына қызығушылық таныта бастаған жас талапкер бұл салада ізденісін тоқтатпай, білімін үздіксіз жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктерді игеруге ниетті.

СНХ: ӨМІРТАЙ ЖАМАНҚАРИН, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Интернетпен алғаш рет 2010 жылдан бастап таныстым. Сол уақыттан бері мені ең алдымен бағдарламалардың ішкі құрылымы, яғни кодтың қалай жұмыс істейтіні қызықтырды. Кейін Python тілін үйрене бастадым. Уақыт өте келе, 2020 жылдан бастап блокчейн технологиясына ерекше назар аудардым. Сол кезеңде криптовалюта тақырыбы да менің қызығушылығымды арттырды. Менің жобаларымның ішіндегі ең алғашқысы – калькулятор жасауға арналған жоба болды.

РКС: Соңғы жылдары жастардың жасанды интеллект пен инновациялық технологиялар саласына қызығушылығы айтарлықтай артып отыр. Дәстүрлі мектеп пәндерімен қатар, білім беру ұйымдарында заманауи технологиялар кеңінен енгізіліп, оқушыларға тың әрі креативті бастамалар ұсынылуда. Соның айқын дәлелі – жуырда №6 мектеп-лицейінде ашылған «Блокчейн» мектеп клубы. Бұл клуб оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, болашақ IT мамандарын даярлауға бағытталған.

СНХ: ГҮЛНӘР ӘБДІҚАСЫМОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Мектеп бағдарламасында блокчейн тақырыбы оқытылмайды десе де болады. 10-сыныпта тек үш сағат қана бөлінген, бірақ оқушылардың қызығушылығы орасан. Біз бірнеше рет әртүрлі танымдық және ғылыми іс-шаралар өткіздік. Мен бұрын екінші мектепте жұмыс істеген кезімде де ғылыми жарыстар ұйымдастырып, оқушыларымыз халықаралық ғылыми конкурстарда жүлдегер атанған. Сол жобалардың бірі блокчейн. Болашақ технологиясы тақырыбына арналған зерттеулер еді. Бүгінде біз дарынды оқушыларды анықтап, олардың қабілеттерін одан әрі дамытуға бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

РКС: Викторина қорытындысы бойынша барлық қатысушыға сертификат табысталды. №6 мектеп-лицейінің оқушысы Максим Потапченко бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды №18 мектеп оқушысы Мәрлен Ғилязутдинов еншіледі. Ал техникалық мектеп-лицейінің оқушысы Эдуард Червинский үшінші орынға жайғасты.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ